Үздік техникалық инспекторлар марапатталды

28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай «Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты біріккен кәсіподақ ұйымы ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны бойынша еңбекті қорғау жөніндегі «Үздік техникалық инспекторларды» анықтады.

Еңбекті қорғау күні зауыттықтар үшін ерекше бір сезіммен басталды. Орталық зауыт өткелде қойылған «Менің таңдауым – қауіпсіздік» деген үлкен баннерге жұмыскерлер қауіпсіз еңбек ету үшін өздерінің ақ ниет, ізгі тілектерін жазып, естелікке қанатты сөздер жазылған магниткалар алып, бүгінгі еңбек күнін әдеттегіден өзгеше бастады.

Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша өндіріс аймағында бақылаудың тиімділігін арттыру, жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында қазіргі таңда Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 33 техникалық инспекторлар еңбек етеді. Кәсіподақ ұйымы жыл сайын техникалық инспекторлар арасында өзара байқау ұйымдастырылып, қорытындысы тоқсан сайын шығарылып, үздіктер анықталып отырады.

– Зауытта еңбек етіп жүрген техникалық инспекторлардың барлығы дерлік білім мен біліктілігін игерген, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында қоғамдық бақылауды жүргізе алатын сайдың тасындай іріктелген, өз істеріне мығым білікті мамандар жинақталған. Бастауыш кәсіподақ ұйымы жыл сайын инспекторлардың ерен еңбектерін ескеріп, олардың арасынан өзара байқау ұйымдастырып, ақшалай сыйақылар беріліп, ынталандырылады. Бүгінгі марапат соның дәлелі. Олардың жұмысын жандандыру мақсатында жалпы компанияда көптеген ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Осы жылдың сәуір айынан бастап техникалық инспекторлардың жұмысын жақсарту үшін білікті, жұмыс істеу қабілеті жоғары, арнайы білімімен іс-тәжірибесі бар зейнеткер Бейбіт Нуртаев оқыту жұмысын бастады, – дейді біріккен кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілқайыр Сотқаров.

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша байқаудың барлық талаптарын орындап, бірінші топ бойынша 1-орынды №4 балқыту цехының техникалық инспекторы Санат Жарболғанов иеленсе, ал екінші топ бойынша 1-орын сервистік қызмет көрсету цехынан Ернар Баярстановқа бұйырды, үшінші топ бойынша 1-орын Галкин Александрға бұйырса, төртінші топ бойынша 1-орын Айгул Зелентинова үздіктердің қатарынан көрініп, арнайы диплом және ақшалай сыйақыға ие болды.


Сонымен қатар, өндірісте қауіпсіздікке қырағылық танытып, жақсы нәтиже көрсете білген бірінші топ бойынша №4балқыту цехынан Сергей Бочкарев, екінші топ бойынша электр цехынан Вячеслав Хоменко, үшінші топ бойынша теміржол цехынан Асқар Мусин, төртінші топ бойынша қойма шаруашылығынан Айнұр Нуркатовалар да назардан тыс қалмай, Алғыс хат, ақшалай ынталандыру сыйақысын місе тұтты.