Үшжақты комиссия отырысында еңбекті қорғау мәселелері сөз етілді

28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні Шымкент қаласында «Әлеуметтік әріптестік жылы» аясында Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үшжақты комиссияның отырысы өтті.


Комиссияның жұмысына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасының орынбасары Ерғали Білісбеков, Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, салалық кәсіподақтардың аумақтық құрылымдарының басшылары, Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер конфедерациясының өкілі Альберт Толщин, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов, басқарма басшылары, орынбасарлары, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен арнайы шақыртылған бірқатар кәсіпорын өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз алған мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов кадрлық ауыс-түйістерге байланысты үшжақты комиссияның құрамына енгізілген өзгерістер жөнінде айтып өтіп, комиссия төрағасының жаңа орынбасарын және мүшелерімен таныстырды.

Келесі кезекте соңғы экономикалық өзгерістерге орай өнімін сатуда қиындықтарға ұшыраған қала аумағындағы кәсіпорындардың мәселесі қаралып, тиісті салалық басқармалардың мәліметтері тыңдалды. Комиссия тарапынан бұл кәсіпорындарға қолдау жасау, адамдардың жұмыссыз қалуына жол бермеу шараларын қабылдау жөнінде қалалық басқармаларға нұсқау берілді.

Мәжіліс соңында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай жұмысшыларға қолайлы еңбек жағдайларын жасап, үлгілі жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындардың қызметкерлеріне марапаттар табысталды. Атап айтқанда «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның «Шымкент Магистралдық газ құбырлары басқармасы» филиалы басшысының орынбасары Е.Жұмаханбетов, «КазТрансГазАймақ» АҚ-ның Шымкент өндірістік филиалының қауіпсіздік, еңбекті қорғау және экология қызметі басшысы Г.Шанасова, «Энергопоток» ЖШС-ның қауіпсіздік және еңбек қауіпсіздігі тобының бастығы К.Нұрмаханов марапат иегерлері атанды.