Кәсіподақ студенттерге экскурсия ұйымдастырды

Еуразиялық топтың ашық есік күні аясында С.Бәйішев атындағы жоғарғы медициналық колледжінің фельдшер және медбике факультетінің 1 курс студенттері және Ақтөбе экология департаментінің өкілдері «Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытына экскурсияға келді. Олар электростанция, №4 балқыту цехының және қоршаған ортаны қорғау зертханасының тыныс–тіршілігімен жақынырақ танысып, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына нақты жауап алды.


Әдеттегіндей өндіріс аймағында жүру тәртібімен танысып, арнайы киімдерін киген студенттер кәсіпорынның негізгі нысандары №4 балқыту цехы, электростанция, қоршаған ортаны қорғау зертханасын аралауға жол тартты.

– Колледжде «Ел мұрасы» атты экологиялық клуб жұмыс істейді. Осы клубтың жұмыс жоспарында студенттерді өндіріс орындарымен таныстыру шарасы қарастырылған. Осыған орай 1 курс студенттері өндіріспен танысуға мүмкіндік алды. Мамандардың берген ақпараттары мен арнайы дайындалған бейнебаян арқылы алып зауыттың өнімі, жұмыс жоспары, атқарылып жатқан маңызды іс-шаралары көңілімізге қуаныш ұялатты, – дейді клуб жетекшісі Әли Муханбет.