Кәсіподақ отбасылық байқау өткізді

Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен Сарыжар орта мектебінде “Салт-дәстүр – санғасырлық саф мұра!” атты отбасылық байқау өтті. Шараның мақсаты – көнеріп, қолданыс аясы тарылған, ұмыт болған ұлтымыздың салт-дәстүрлерін жаңғырту, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету.

Байқауға аудан мектептерінің қызметкерлерінен құралған 9 отбасы қатысты. Байқау шарты бойынша олар бірнеше кезеңдердің тапсырмаларын орындап, сынға түсті.

Байқау барысында “Бәсіре”, “Бастаңғы “,”Тұсау кесу,” “Босаға майлау”, “Қамшы ілу”, “Үме”, “Құда күту”, “Бесікке салу” т.б. жөн-жоралғылар көрермендер назарына ұсынылды. Әділ қазылар мүшелері отбасылардың өнерлерін бағалай келе, Бас жүлдеге Сарыжар орта мектебінің Расбаевтар отбасы лайық деп тапты.


І орынды №4 Мәртөк орта мектебінің Қалыбаевтар отбасы иеленсе, ІІ жүлделі орын Родниковка орта мектебінің Рысбаевтар отбасына бұйырды. ІІІ орынды Қызылжар орта мектебінің Ізашовтар отбасы иеленді.
Жеңімпаздарға аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының дипломы мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Бас жүлдеге ие болған педагогтер отбасына кәсіподақ ұйымы тарапынан шипажайға жолдама берілді.