Халықаралық Еңбек Ұйымының оқыту курсы өтті

Кәсіподақтар федерациясының өкілдері Халықаралық Еңбек Ұйымының Әкімшілік кеңесі ұйымдастыруымен өткен «Кәсіподақтардың саясатын, стратегияларын және іс-қимылдарын әзірлеу» кадрларды кәсіби даярлау және үздіксіз оқыту курсына қатысты. Еуропа мен Орталық Азия елдерінің кәсіподақ ұйымдары өкілдері қатысқан бір айлық оқу курсында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бас маманы Майра Боранбаева да білім алды. Елдерде кәсіподақтар қозғалысының алға жылжудағы стратегиялары мен әрекеттерін нығайтуға бағытталған онлайн-оқыту негізгі бес модуль бойынша “E-Campus” Халықаралық Еңбек Ұйымының электрондық платформасында өткізілді.

Бірнеше елдерден қатысқан кәсіподақ өкілдері кадрларды кәсіби даярлаудың жаһандық шеңберлері мен үздіксіз білім беру, кәсіптік білім беру бойынша институционализацияланған әлеуметтік диалог, әйелдер мен ерлерге тең мүмкіндіктер, кәсіптік білім беру және оқытудағы мемлекеттік саясат, жастар үшін жұмыс орындарын құру, болашақ үшін дағдылар және кәсіподақтың іс-қимыл жоспарын әзірлеу дәрістері бойынша халықаралық сарапшылардан дәріс алып, алған білімдерін оқу платформасында сұрақ-жауап, тапсырмаларды орындаумен бекітті. 29 сәуірде өз мәресіне жеткен курсты ұйымдастырушылар оқу бағдарламасының барлық компоненттерін орындаған қатысушыларға алғыстарын білдірді.

Оқу курсын сәтті аяқтаған Қазақстандық кәсіподақ мамандары Халықаралық еңбек нормалары мен ХЕҰ құжаттарын ілгерілетуде, табысты жаһандық, өңірлік, ұлттық және салалық кәсіптік даярлық саласындағы кәсіподақ бастамаларымен және стратегияларымен жұмыс жүргізуде, кәсіподақтардың басым әрекеттері мен стратегияларын әзірлеуде жаңа білім топтамасымен жұмыстарын жалғастырады.