ХЕҰ-ның тікелей байланыс миссиясы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кеңсесінде болды

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Тікелей байланыс миссиясы ресми сапармен Нұр-Сұлтанда жүр. Бүгін ХЕҰ өкілді делегациясының мүшелері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кеңсесінде болып, онда ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасымен және оның мүше ұйымдарының басшыларымен кездесті.

Халықаралық еңбек ұйымы миссиясы делегациясының құрамында ХЕҰ Тікелей байланыс миссиясының басшысы, халықаралық сарапшы Никлас Брун, ХЕҰ Бюросының Еуропа және Орталық Азия секторының меңгерушісі Сергеюс Гловацкас, ХЕҰ Мәскеу бюросының жұмыскерлер қызметі жөніндегі аға маманы Гоча Александрия, ХЕҰ-ның құқықтық мәселелер жөніндегі аға маманы Оксана Вольфсон, ХЕҰ жұмыс берушілермен жұмыс жөніндегі аға маманы Владимир Чурович, ХЕҰ Қазақстандағы Ұлттық үйлестірушісі Талғат Өміржанов бар.

Миссияға қатысушыларды қарсы алған ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кездесу COVID-19 пандемиясына байланысты мемлекеттердегі локдаундар аяқталғаннан кейін алғаш рет оффлайн форматта өтіп жатқанын атап өтті. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ҚР Кәсіподақтар федерациясы қызметінің өзекті аспектілерімен, сондай-ақ ХЕҰ стандарттарына сәйкес әлеуметтік-еңбек саласын жетілдіру, әлеуметтік әділеттілікті және лайықты еңбекті қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмыс бағыттарымен бөлісті.

ХЕҰ Тікелей байланыс миссиясының басшысы Никлас Брунның айтуынша, биылғы сапар барысында Миссия делегаттары Қазақстанның әлеуметтік-еңбек саласындағы ахуалын зерделеуге ниетті және осыған байланысты ол елдегі ең ірі қоғамдық ұйымның  басшылығымен келіссөздердің маңыздылығын атап өтті. Кездесудің қорытындысы Халықаралық еңбек ұйымының есебінің негізін құрайды.

Кездесу барысында тараптар Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарын қолдану бойынша ұсыныстарға байланысты жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жолында  халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады.

ҚРКФ төрағасының ақпараты бойынша, 2020 жылғы мамырда «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына кәсіподақтарды қауымдастыру жүйесін жою және кәсіподақтарды тіркеу жүйесін оңайлату бөлігінде, сондай-ақ, «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына ХЕҰ № 87 Конвенциясына сәйкес келтіру бөлігінде түзетулер енгізілді.

Атап айтқанда, әділет органдарында тіркелу кезінде кәсіподақтардың республикалық, салалық, аймақтық  бірлестіктерінің мәртебесін растау мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін ұзартылды; заң талаптарын орындамаған жағдайда кәсіподақтарды тарату тәртібі алынып тасталды; бұрын құрылған кәсіподақтарды 2014 жылғы 27 маусымда «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде құрылтай құжаттарына және ұйымдық құрылымдарына өзгерістер енгізуді міндеттейтін өтпелі ережелер алып тасталды; кәсіподақтарды қауымдастыру жүйесі алынып тасталды.

«Ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттармен және нормалармен одан әрі үйлестіру мақсатында Федерация ХЕҰ-ның 20 конвенциясына қосылу қажеттілігі туралы ұсыныстар дайындады. Бұл бастамалар 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісім аясында қабылданған міндеттемелерді жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көрсетілген. Ағымдағы жылдың 20 сәуірінде Қазақстан «Толық емес жұмыс күні туралы» №175 конвенцияны ратификациялады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Еске салайық, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы өз қатарында 16 000 бастауыш кәсіподақ ұйымына 1 627 800 кәсіподақ мүшесін біріктіретін еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым. Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясының құрамына 23 салалық кәсіподақ және 17 аумақтық кәсіподақ бірлестіктері кіреді.

Жұмыс сапары барысында Миссия делегаттары, сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясының фронт-кеңсесінің – Заң клиникасы, Tatylasy Point татуласу орталығы және «Bilim Center» ҚРКФ оқу орталығының, жастар коворкинг орталығының жұмысымен танысты.

Сондай-ақ, ХЕҰ Миссиясының делегаттары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, ҚР Үкіметінің өкілдерімен, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, Бас прокуратурасының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізуді және Қазақстанның бірқатар облыстарына жүмыс сапарымен баруды жоспарлап отыр.

11 мамырда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алаңында әлеуметтік әріптестердің және РҮК төрағасының, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен Миссияның қорытынды отырысын өткізу жоспарланған.

12-13 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында ХЕҰ миссиясы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, халықаралық диалогты дамыту, пікір алмасу және кәсіподақтардың COVID-19 пандемиясынан туындаған экономикалық дағдарысты еңсеру бойынша өзара тәжірибесімен алмасу мақсатында Орталық Азия кәсіподақтары үшін «Инклюзивтілік, тұрақтылық және өміршеңдік – дағдарыс салдарын жеңілдету үшін кәсіподақ саясаты» атты аймақтық конференция өткізеді.

Форум жұмысына ХЕҰ/ACTRAV еңбекшілер қызметі бюросының директоры Мария Хелена Андре бастаған ХЕҰ Миссиясының делегаттары, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Кәсіподақтары федерацияларының басшылары қатысады.

Халықаралық форумға қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жаһандық еңбек нарығын қалпына келтіру қарқыны, еңбек саласындағы пандемия салдары, оның ішінде жұмыссыздық, толық емес жұмыспен қамту, еңбек құқықтарын қамтамасыз ету және қорғауға қатысты мәселелер мен халықты әлеуметтік қорғау шараларын талқылайды.

Конференцияда халықаралық сарапшылар ХЕҰ дағдарыстан шығу бойынша іс-әрекеттерге жаһандық үндеуін және ХЕҰ дағдарысқа қарсы саясаты бойынша ұсыныстарын ұсынады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, ұлттық лайықты еңбек бағдарламалары ұсынылып, әлеуметтік әріптестікті дамыту арқылы дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру мәселелері талқыланады.

Іс-шара COVID-19 пандемиясы басталғаннан бері алғаш рет оффлайн режимде өтеді.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы