Кәсіподақ өкілдері бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесті

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясы мемлекеттік мекемесінің еңбек ұжымымен кездесу өтті. Жиынға “Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов, мекеме басшысы Әбдібақыт Мақұлбаев пен бастауыш ұйым мүшелері қатысты. Кездесуде бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметінің өзекті мәселелері талқыланды.


Жиында сөз алған Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев кәсіподақтың бүгінгі қоғамда алатын орны, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының жүргізіп жатқан жұмысы мен тың жобалары туралы, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасты реттеп отырған әлеуметтік әріптестік аясында атқарылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ, кәсіподақ жұмысындағы басты басымдықтардың бірі жұмысшылардың еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау және тараптардың ұжымдық шарт талаптарын сақтауларын бақылау болып табылатындығын атап өтті. Сондай-ақ, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері аясында қазіргі таңда кәсіподақ тарапынан үнемі жүргізіліп отыратын іс-шараларға кеңінен тоқталды. Бұдан бөлек, жиында еңбек кодексінің талаптары сақталмауынан туындаған олқылықтардан орын алған даулы мәселелерді ымыраға шақыру орталығы құрылғаны туралы да айтылды. Бауыржан Әлтеев өңірдің кез-келген кәсіподақ мүшесі туындаған мәселесі бойынша құқықтық кеңес алуға Татуласу орталығына жүгініп, тегін кеңес алуға болатынын айтып өтті.

Жиында Салалық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Серік Әуесханов бүгінгі кездесіп отырған бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ филиалының құрамына 2020 жылдан бастап кіргенін, бүгінде еңбек ұжымында 27 адам жұмыс істейтіні және барлығы кәсіптік одаққа мүшелікке кіргендігін сөз етті. Сонымен қатар, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Шара барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері әлеуметтік-еңбек қатынастары аясында өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алынды.
Кездесу соңында әлеуметтік әріптестікті дамыту жолында сүбелі үлесін қосып келе жатқан мекеме басшысы Әбдібақыт Мақұлбаев марапатталды.