Үшжақты комиссияның жұмысын жандандыру мәселесі қаралды

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия отырысында аталған комиссияның жұмысы туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов баяндама жасады. Оның айтуынша, былтыр комиссияның 79 өңірлік, оның ішінде, 19 облыстық, 60 қалалық, аудандық комиссиялардың отырыстары өткен. Облыстық комиссия отырысында 46 өзекті мәселе қаралып, 82 ұйым басшысының есебі тыңдалған. Отырыстардың нәжижесінде өткен жылы 58 еңбек ұжымында орын алған еңбек даулары жұмысшылардың пайдасына шешілді. Еңбек жанжалдары орын алған кәсіпорындардың жұмысшыларына еңбек қатынастары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.


Сонымен қатар, еңбекақы берешектері, кідірту және төлемеу жағдайлары орын алған кәсіпорындардың басшыларымен мүдделі мемлекеттік органдары тиісті шараларды қабылдап, қажетті жұмыстар ұйымдастырылған.

Биыл жыл басынан осы үшжақты комиссияның 25 өңірлік отырысында жұмыс көлемі азаюына байланысты қысқарту болжанған мекемелер мен қысқартылған адамдарды жұмыспен қамту, еңбек қатынастарының жағдайы, атап айтқанда, әлеуметтік шиеленіс картасы, жалақыдан берешектер, өндірістегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, жазатайым оқиғалар, шетелдік жұмыс күшін тартатын ұйымдардың көші-қон және еңбек заңнамаларының сақталуы туралы компания, кәсіпорын басшыларының есебі тыңдалды.

Атырау облысы әкімдігі, «Атырау облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және жұмыс берушілердің облыстық бірлестігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған облыстық келісімге қол қойылған. Комиссия шешімінің нәжижесінде: осы жылдың ақпан айында «Казпромставба Құлсары» ЖШС-нің 16 жұмыскердің алдындағы 9,5 млн. теңге жалақы берешегі жеке сот орындаушы Е.Сатыбалдиевпен толық көлемде өндірілген. «Caspian Contractors Trust Atyrau» ЖШС-мен ақпан айында 130 жұмысшының алдындағы 36,5 млн. теңге (2021 жылдың желтоқсан айының берешегі) толығымен төленді. Ал, «Батыс Сервис Плюс» ЖШС-де орын алған еңбек дауы мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде шешіліп, жұмыскерлердің жалақылары 30 пайызға өсірілді.

Күн тәртібіне ұсынылған мәселеге орай сөйлеген облыс әкімі болашақта әкімдік, кәсіподақ және жұмыс беруші тараптардың арасындағы байланысты нығайту, үшжақты комиссияның жұмысын жандандыру, даулы мәселелердің туындау себебіне талдау жүргізу, жанжалды болдырмау шараларын алудың маңызды екендігін қаперледі.

«Үшжақты комиссиялар тепе-теңдік принципін сақтау отырып, тараптар үшін тиімді шешімдер қабылдауы қажет. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның отырысына ұсынылатын мәселелер алдымен жұмыс тобында жан-жақты талқылануы тиіс. Аудандардағы бұл комиссиялардың жұмысында формалдылыққа жол берілмеуі керек. Кәсіпорындар мен компанияларда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыру, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын жақсарту, қызметкерлердің жалақыдан берешектерін жою бағытында жедел шаралар қабылдауда ықпалды күшейтудың маңызы зор», – деді Серік Жамбылұлы.

Комиссия отырысында «Теңізшеврйл» ЖШС күрделі жобалар жөніндегі бас менеджері Мик Крейли Келешек Кеңею жобасының жұмысының аяқталуына байланысты сәуір, мамыр айларында жұмыстан босатылатын 854 адамды оқыту арқылы жаңа мамандыққа даярлау жайынан хабардар етті.

Аймақ басшысы мердігер компаниялар үшін шетелдерден жұмыс күшін әкелуді және квотасы қысқара тұрса да шетелдіктердің заңсыз қызмет жасау фактілерін тоқтатуды, жаңа мамандыққа оқыту сапасын жақсартуды міндет етіп қойды.