Ардагер атына көше берілді

Жеңіс күні мерекесінде Ұлы Отан соғысы, партия, кеңес, кәсіподақтар ардагері, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерінің иегері Асан Қоразбаевтың есіміне Қызылорда қаласынан көше аты берілді. Өнегелі өмір иесінің туғанына 100 жыл толуына орай өткен шараға облыстық кәсіподақ ардагерлері, кәсіподақ көшбасшылары қатысты.


Сұрапыл соғыста елді жаудан азат ету жолында ерлікпен шайқасқан Асан Қоразбаевтың бейбіт күнде де ел үшін жасаған еңбегі ерен.

Қызылорда облысы кәсіподақтар жүйесінің тарихнамасында 1988 жылға дейін Қызылорда облыстық кәсіподақтар кеңесінде 30 жылдан астам Заң консультациясының меңгерушісі қызметін атқарған Асан Құлмағанбетұлының адал қызметі мен сауатты заңгерлік жұмысының іздері жатыр. Өз біліктілігін қалам ұшымен жалғаған сырбойылық кәсіподақ заңгерінің еңбек заңдылықтары, даулар жөніндегі мақалалары бүкілодақтың «Человек и Закон» журналдары мен «Труд» газеттерінде жарияланып тұрған.

Кәсіподақ ардагері рухына арналған аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ықылас хатын шарада бірлестік төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов батыр ұрпақтарына табыстады.

“Көптеген жылдар бойы облыстық кәсіподақтарда біліктілік пен қажыр-қайраты арқасында зор абырой биігінен көрініп, қоғамға, ұрпаққа абзал жан ретінде танылған Қоразбаев Асан Құлмағанбетұлының өмір, еңбек жолдары баршамызға өнеге. Бүгінгі тарихи тағылымды күнде Асан Құлмағанбетұлының рухына тағзым ете отырып, Ата ізін ұлықтаған ұрпақтарына облыстық кәсіподақтар атынан береке-бірлік, амандық тілеймін! Ерін ардақтаған ел аман болсын!”, – делінген.