«Қызылорда су жүйесі» кәсіподақ ұйымының есепті жиналысы өтті

«Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынында кәсіподақ ұйымы төрағасы 2020-2021жылдарда атқарылған жұмыстар есебін берді. Кәсіподақ ұйымының есепті жиналысына еңбек ұжымы мен кәсіпорынның директоры Нұрлан Өтепов, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің еңбеккер әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрайымы Майра Боранбаева қатысты.
«Кәсіподақ ұйымы «Құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағының» облыстық филиалы құрамына кіреді, кәсіпорында 650 адам қызмет істейді, барлығы кәсіподақ мүшелері. Кәсіпорында өткен жылы 2021-2023 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа қол қойылды. Ұжымдық шартта Covid-19 індетіне байланысты жұмысқа уақытша жарамсыздық парағының төленуі тәртібі, қашықтықтан жұмыс жасау ережелері, жұмыс беруші тарапынан жұмыскерге меншікті коммуникация құралдары шығындары үшін өтемақы төлеу тәртіптері қарастырылған. Келісімде жұмыскерлермен штаттық кестенің қысқаруына байланысты еңбек шартын тоқтатпау, кәсіпорыннан зейнетке шыққан жұмыскерлерді қолдау шаралары, мерейлі жасқа толған жұмыскерлерді құрметтеу ережелері бекітілген» деп атап өтті бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымы Гүлнар Бабаева. Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымы төрайымы пандемия кезіндегі облыстық кәсіподақтар бастамасымен жұмысын бастаған медициналық бекеттің жұмысын ұйымдастыру, жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау шараларының үйлестірілуі, кәсіподақ жарнасынан құралған қаражаттың мақсатты жұмсалуы барысы туралы баяндады. 2013 жылдан бастап үздіксіз кәсіподақ ұйымына төрағалық еткен Гүлнар Бабаева зейнеткерлік демалысқа шығуына байланысты, еңбек ұжымына жаңа кәсіподақ төрағасын сайлау бойынша ұсынысын білдірді.
Кәсіподақ төрағасының жұмыс есебіне оң баға берген кәсіподақ мүшелері кәсіподақ көшбасшысына жасаған қоғамдық жұмысы үшін өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді. Құрметті демалысқа шығу мерейіне орай кәсіподақтар жүйесіндегі еңбегі үшін Гүлнар Бабаеваға «Құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағы» республикалық бірлестігінің «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісі мен Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Құттықтау хаты табысталды. Облыстық кәсіподақтардың әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрайымы Майра Боранбаева бастауыш ұйым төрағасы Гүлнар Спанқызына комиссиясы құрамындағы белсенділігі мен жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаудағы табанды ұстанымы үшін ризашылық ықыласын білдірді.
Еңбек ұжымының шешімімен бастауыш кәсіподақ ұйымының жаңа төрағасын сайлау екінші кезеңге жылжытылды.