Өңірлерде референдумды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданының Жалпақтал ауылы тұрғындарымен конституциялық реформаның бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында кездесу өтті.

Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева, “Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы, БҚО әкімінің қоғамдық өкілі Айдар Батырханов және Казталов ауданының әкімі Рүстем Зұлқашев қатысты.

Аудан тұрғындарымен ашық талқылау өткізіліп, ой-пікірлерімен бөлісті. Кездесуге қатысушыларға референдум аясында заңнамаларға өзгертулер мен түзетулер енгізілетіні туралы, еліміз суперпрезиденттік басқарудан президенттік-парламенттік басқаруға көшетіні туралы атап көрсетілді. Сонымен қатар, барлық аудан тұрғындары азаматтық позициясын таныта отыра, референдумға қатысуға шақырылды.

Сондай-ақ, “Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы, БҚО әкімінің қоғамдық өкілі Айдар Батырханов Казталов ауданына қарасты Ақпәтер ауылы тұрғындарымен кездесу өткізді. Іс-шараға ауыл әкімі Нұрхат Болаев қатысты.

Және де Батыс Қазақстан облыстық көпбейінді аурухана қызметкерлерімен 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумға орай түсіндірме кездесу өткізілді. “Қазақстандық “Senim” денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” БҚО филиалы төрағасы М.Кусаинов ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, аталған іс-шараның еліміздің тарихында маңызы зор оқиға екенін айта отырып, мекеме ұжымын референдумға қатысуға шақырды.

Сонымен қатар, салалық кәсіподақ төрағасы кәсіподақ мүшелеріне танымдық буклеттер таратып, референдум аясында өзгерістер мен түзетулер енгізілетін заңнамаларға тоқталып өтті.