12 азаматтың жұмысқа қайта тұруына қатысты сот шешімі күшінде қалды

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы «КазПетролГрупп» компаниясының 12 жұмыскерді жұмысқа қайта алу туралы шешімге берген аппеляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.

Қызылорда қалалық соты ағымдағы жылы 17 ақпанда жұмыс берушінің 12 жұмыскермен еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтарын заңсыз деп танып, азаматтарды өз жұмыстарына қайта тұруы және мәжбүрлі бос жүрген уақыттарына жалақы төлеу туралы шешім шығарған болатын. Сот шешімі бойынша жұмыскерлер жұмыстарына қайта тұрып, тиісті жалақылары өндірілді. Компанияда кәсіподақ ұйымын құрған бастамашыл топ мүшелерінің еңбек дауы мәселесінде аумақтық кәсіподақтар бірлестігі құқықтық көмек жасап, сот процесстеріне қатысты. Кәсіподақтар бірлестігі мен облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы өкілдері сот отырыстарында жұмыскерлермен еңбек шарты заңсыз бұзылғандығы туралы ұстанымдарын білдірді. Еңбек дауы бойынша сотта талапкерлердің заңды өкілі жұмыскерлерді қорғады.

«КазПетролГрупп» компаниясы өкілдері Қызылорда қалалық сотының ақпанның 17-сінде шығарған шешімін негізсіз және заңға қайшы деп санайтындықтарын мәлімдеді.

Облыстық сот алқасы 2021 жылғы 15 қазандағы еңбек шартты бұзу туралы келісімдегі көзделген шарттар жұмыскердің жағдайын нашарлататыны, бірінші саты сотының талап қоюшылардың 2018 жылғы 5 ақпандағы еңбек шартына қосымша келісімдердің 9.3.2.- тармағын жарамсыз деп тану, жауапкердің даулы бұйрықтарын заңсыз деп тану, күшін жою, оларды бұрынғы жұмысына қайта орналастыру туралы талаптарын қанағаттандыру туралы тұжырымымен келісті. Облыстық сот бірінші сатыдағы сот сотта зерттелген дәлелдемелерге сәйкес негізді әрі заңды шешім қабылдаған деп тұжырымдады.

Естеріңізге салсақ, Қызылорда қалалық соты ақпан айында «КазПетроГрупп» серіктестігін 12 азаматты заңсыз жұмыстан босатқан деп танып, оларды жұмысқа қайта алу туралы сот шешімін шығарған. Сот жұмыс беруші еңбек шартын бұзғанда басшылыққа алған ҚР Еңбек кодексінен 2020 жылғы 4 мамырдағы өзгерістермен алынып тасталған 50 баптың 3 тармағы бойынша еңбек шартын бұзуы заңсыз, бұл норма азаматтардың еңбек құқығын нашарлататын норма деп таныған.