Еске алу турнирі өтті

Қарағанды облысының Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік және қоғам қайраткері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, облыс орталығының және жалпы еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан Шәймерден Оразәлиновты еске алуға арналған Қарағанды қаласының оқушылары арасында «Жаңа ұрпақ» атты футболдан турнир өтті.


Ашылу салтанатында елдің патриоты, керемет тұлға, жоғары кәсіби маман, дарынды басшы және жастар тәлімгері Шәймерден Әбілмәжінұлы туралы естеліктерімен жұбайы Дана Кенжебайқызы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық архив директорының орынбасары Бейсембай Жұмабеков, қоғам қайраткері және Мемлекеттік қызмет ардагері Қабдығали Оспанов, Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығының орынбасары Татьяна Шатохина, алғашқы футбол турнирлерінің қатысушысы болған Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Саят Шаймин бөлісті.

Осы естелік жарыстардың бас төрешісі Бағлан Қонақбаев спорттық іс-шара 2000 жылдан бастап жыл сайын 21 рет ұйымдастырылатынын және жаңа бастаған қарағандылық футболшылардың жеңіске деген ерік-жігерін, достығы мен бірлігін тәрбиелей отырып, әрқашан үлкен спорттық қызығушылық тудыратынын атап өтті.