Ұстаз рухына тағзым

БҚО әкімдігі білім басқармасының Сырым аудандық білім беру бөлімінің “Қособа” мектеп-бөбекжай-балабақша” кешені” КММ білім беру кешенінде Сырым аудандық білім беру бөлімі, Сырым ауданы білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы және бастауыш кәсіподақ ұйымының қолдауымен ұлағатты ұстаз, асқар тау әке, адал жар Айымов Қайырғали Ғабдысағитұлын еске алуға арналған “Ұстаз рухына тағзым” атты аудандағы білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының мүшелері арасында волейболдан турнирде “Ауыспалы кубок” сарапқа салынды. Сайысқа А.Жұмағалиев атындағы Жосалы, Аралтөбе, Көздіғара НМ, Жырақұдық, Қособа мектептерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы командалары қатысты.

Ашылу салтанатында ауыл әкімі Б.Жайманов, аудандық мәслихат депутаты Ж.Шапешов, АББ-нің әдіскері, АББ “Жас қанат” бастауыш кәсіподағының төрағасы Қ.Райымов, мекеме басшысы Ж.Нұрмұханов келген қонақтарға қошемет білдіріп, қатысушы командаларға сәттілік тілектерін жеткізсе, ардагер ұстаз С.Жукеев “Әріптес – дос” туралы өзінің естелік ой-толғамын ортаға салды.

Қайырғали Ғабдысағитұлының өмір жолы сәттерінен бейнекөрсетілім жүріп отырды. Сүйікті жары Гүлмара Ғайноллақызы жанұясы атынан өз сөзінде қолдау білдіруші аудандық бастауыш кәсіподақ ұйымына, ұйымдастырушылар алқасына және демеуші шәкірттеріне үлкен ризашылық сезімдерін білдіре отырып, сайыскер командаларға аналық жүрегімен ақжолтай тілегін жеткізді.

Қызу тартысты бәсекеде жеңімпаз командалар анықталып, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар, “Ауыспалы кубок” табыс етілді.