Конституциялық реформаларды түсіндіру сұрақтары бойынша кездесу өтті

Алдағы референдум – еліміз үшін маңызды қадам. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын ірі қоғамдық ұйым ретінде мемлекеттік саясатты қалыптастыруда халықтың еркін білдіруге бағытталған тәуелсіз жалпыхалықтық дауыс беруді өткізуге мүдделі.  Осы орайда кәсіподақтар халықты ұсынылып отырған конституциялық реформалар туралы дұрыс ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр.

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Руслан Ақжігітов және Шымкент қаласы автомобиль көлігі және жол мекемелері жергілікті кәсіподағының төрағасы  Али Мамедов «Автокомбинат №4-Нұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыскерлері арасында 5 маусым күні өтетін жалпыхалықтық референдум жайында ақпараттық-түсіндірме жұмысын жүргізді.


Кездесу барысында Руслан Ақжігітов Конституциялық реформаның маңыздылығына тоқталып, бұл өзгерістердің қарапайым азаматтарды өміріне қалай әсер ететіндігі жайлы айтып өтті. Сонымен қатар, жұмысшыларға Ата заңымыздың қандай баптарына өзгерістер енгізілгелі тұрғаны туралы арнайы жадынамалар таратылды. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары жұмысшыларды қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, республикалық референдумға бір кісідей қатысуға шақырды.

Салалық кәсіподақтың аумақтық құрылымының басшысы Али Агитұлы да Ата заңға енгізілгелі отырған өзгерістер мен толықтырулардың өзектілігіне тоқталып, мекеме жұмысшыларының республикалық референдумға белсене атсалысып, еліміздің азаматы ретінде өз таңдауларын жасайтындықтарына сенім білдірді.