Кәсіподақтар федерациясы қазақстандық пошта қызметкерлерінің мүддесін алға бастыруға ниетті

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кеңсесінде ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің «Қазақстандық ақпарат, байланыс және телекоммуникация қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ Салалық кеңес мүшелерімен кездесуі өтті.

Салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Уәлишер Байсариев кәсіподақ ұйымының қызметіне тоқталды. Салалық кәсіподақ 25 жылдан бері жұмыс істеп келеді және байланыс, ақпарат және телекоммуникация жүйесі пошта қызметінің 10 мыңнан астам қызметкерін біріктіреді.

Кеңес мүшелері саланың мәселелерімен бөлісті. Олардың айтуынша, «Қазпошта» АҚ бөлімдері қызметкерлерінің жалақыларын жыл сайынғы индексациялауға қарамастан, олардың жалақысының мөлшері әлі де төмен. Соңғы рет ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап жалақының 20 пайызға көтерілуі жағдайды жақсартты. Дегенмен, Солтүстік Қазақстан облысы Пошта қызметкерлері жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Береке Шөпенованың айтуынша, бұл мәселе әсіресе ауылдық пошта бөлімшелерінде өткір, себебі жұмыскерлер қолдарына 60-65 мың теңге алып отыр.

Пошта қызметкерлері кәсіподақтарының өкілдері тығырықтан шығудың жолын тұрғындар негізінен зейнетақы төлемдерін алған кезде ғана (айына бір рет) пайдаланатын шағын ауылдық елді мекендердегі кеңселерді оңтайландырудан көреді. Кәсіподақ көшбасшылары ҚРКФ төрағасына ауылдық пошта қызметкерлерінің мәселелерін шешуге жәрдемдесуді сұрап жүгінді.

Әріптестерін тыңдаған Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының қатардағы кәсіподақ мүшелерінің мәселелерін шешуге атсалысу бірінші кезектегі міндеті екенін атап өтіп, республика өңірлерінен алынған талдау негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметіндегі әлеуметтік әріптестерге арналған ұсыныстар пакетін әзірлеуді ұсынды.

«Кәсіподақтың басты құндылығы – біздің ынтымағымыз. Бастауыш және жергiлiктi кәсiподақ ұйымдарының осындай сипаттағы кері байланыстары барлық салада, соның iшiнде пошта қызметiндегi қызметкерлердiң әл-ауқатын арттыру жөнiндегi шаралар кешенiн дайындауда маңызды. Кәсіподақтар мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешу жолдарын ұсынуы керек. Аймақтық кәсіподақ ұйымдарынан түскен ұсыныстарды сараптай келе, біз пошта қызметкерлеріне арналған бірінші кезектегі шаралар кешенін ел Үкіметі деңгейіндегі әлеуметтік әріптестеріміздің қарауына ұсынуға дайынбыз», – деді ҚРКФ төрағасы.

Ол кәсіподақтардың әрбір мүшесінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін жан-жақты қорғау ҚРКФ 26-шы съезінде қабылданған Стратегиясында көрсетілгенін және бұл Федерацияның және оған мүше ұйымдардың басты ұстанымы екенін еске салды.

«Бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ қозғалысының негізі болып табылады. Біздің міндетіміз – бастауыш ұйымдарымыз мүшелерінің жұмысы мен өмір сүруіне барынша қолайлы жағдай жасау. Біз алдағы уақытта да «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» деген ұранымызды берік ұстанатын боламыз», – деп түйіндеді сөзін Сатыбалды Дәулеталин.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы