«Жаңа Қазақстан: конституциялық реформалар» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды

Референдумды қоғамдық қолдау штабының мүшелері М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе филиалының мүшелерімен «Жаңа Қазақстан: конституциялық реформалар» тақырыбында кездесу өткізді.

Референдумның өтуіне санаулы күндер қалғанын тағы бір еске салған штаб мүшесі, еңбек ардагері Зәпен Жұмабаева елдің болашағы үшін маңызы зор шараға немқұрайдылық танытпай, белсенді қатысу керектігін айтты.

«Референдум қатысушысының алдында «Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қолдайсыз ба, жоқ па?» деген бір ғана сұрақ тұрады. Ал жаңа өзгерістер ел халқының жартысынан көбі «иә, қолдаймыз» деп жауап берген жағдайда ғана жүзеге асады. Сондықтан еліміздің болашағы әрбір азаматтың дауысына байланысты», – деген Зәпен Жұмабаева университет ұжымы мен студенттерге Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен түзетулер енгізу үшін өткізілетін республикалық референдумның маңызына тоқталып, түсіндіріп берді.

Айта кетейік, 60 жылдан астам тарихы бар іргелі оқу ордасында бүгінгі таңда 5475 болашақ дәрігер білім алып жатыр.