Оқушылардың медиативтік құзыреттілігін арттыру мәселесі талданды

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Павлодар облысы білім беру басқармасының “Тәрбие алаңы” жобалық кеңсесінің шақыруымен Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдері “Бала мүддесі үшін Медиация” тақырыбында диалог алаңына қатысты.


Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты В.Ким, Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Д.Айтжанова, судьялар, медиаторлар, білім беру мекемелері мен ата-аналар қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Іс-шараға қатысушылар отбасындағы, жұмыстағы және білім беру кеңістігіндегі жанжалдардың алдын алуға назар аударды. Іс-шараны аша отырып, Павлодар облысы білім басқармасының “Тәрбие алаңы” жобалық кеңсесінің басшысы С.Мұқанов білім беру ортасында туындаған дауды реттеу әдісі ретінде медиацияны қолданудың өзектілігі туралы айтты.

Павлодар облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы К.Темірова “Ювеналдық сот ісін жүргізуде медиацияны қолдану бала құқықтарын қорғау тетігі ретінде” тақырыбында баяндама жасады.

Павлодар қалалық сотының судьясы А.Көлбаева балалардың мүдделерін ескере отырып, отбасылық дауларды шешу кезінде медиацияның артықшылықтары туралы айтып берді.

Павлодар облысы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Г.Рахматулина “Әкімшілік сот ісін жүргізудегі медиацияның ерекшеліктері” тақырыбында сөз сөйледі.

“Тәрбие алаңы” жобалық кеңсесінің психологы И.Карпова баланың стресске төзімді тұлғасының қажетті шарты ретінде үйлесімді бала-ата-ана қарым-қатынасын қалыптастыру туралы айтып берді.

Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің татуластыру орталығының жетекшісі, сот жүйесінің ардагері М.Иванова “Бала мүддесіндегі медиацияның қорғаныш рөлі” тақырыбында сөйлеген сөзінде: “Бүгінгі таңда оқу орындарындағы медиация оқушылар мен студенттердің мінез-құлқының алдын алу және түзету үшін ғана емес, сонымен қатар толерантты қарым-қатынасты әлеуметтік қатынас ретінде қалыптастыру үшін де қолданылады”, – деп атап өтті.

Диалог алаңына қатысушылар диалог процесінде бірауыздан дауды реттеу тәсілі ретінде медиацияны ілгерілету жанжалды сотсыз, баланың мүддесі үшін, отбасы мен білім беру мекемесінде достық қарым-қатынасты сақтай отырып реттеуге көмектесетінін атап өтті.