Кәсіподақ қозғалысының қазіргі қоғам дамуындағы ықпалы талқыланды

Қызылорда облысы Шиелі ауданы орталығындағы Ы.Жахаев атындағы № 244 орта мектебінде “Кәсіподақ қозғалысының қазіргі қоғам дамуындағы ықпалы” тақырыбында семинар-кеңес өтті. Басқосуға Шиелі аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Қанат Әмзеев, сонымен қатар орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары және ұстаздар қатысты.


Кездесуде «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық ұйымы төрайымы Гүлнар Есқалиева Конституциялық реформаны түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізді және білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жыл бойы атқарған жұмыстарын тізбектеп, қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Әрі қарай кәсіподақ қозғалысындағы үздік жетістіктерге жетіп жатқан білім ошақтарына тоқталып, бірлескен жұмыстары үшін алғысын білдірді. Әлеуметтік әріптестік аясында жасалынып жатқан әрбір жұмыстың маңыздылығын атап, бірқатар орта білім беру ұйымдарының басшыларын кәсіподақтың ең жоғарғы марапаты – төсбелгімен наградтады. Сонымен қатар, 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша білім беру саласын дамытуға елеулі үлес қосып, жоғары жетістіктерге жеткен сала мамандарын Республикалық білім қызметкерлері кәсіподағының және облыстық білім кәсіподағының Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Семинармен жалғасқан басқосуда кәсіподақ ұйымы төрайымының орынбасары Нұргүл Өтегенова хабарлама жасап, бастауыш кәсіподақ төрағаларының жұмысын жандандыру бағытында сауалнама жүргізді. Әрі қарай ұйым заңгерлері Хамит Тарбақов пен Ербол Жұбатханов құқықтық жұмыстар бойынша әдістемелік көмек бағытымен жүргізді.

Отырыс соңы бастауыш кәсіподақ төрағалары тарапынан шешілмей жүрген мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарымен ұласып, жұмыс барысында қолдануға арналған «Еңбек қатынастары бойынша сұрақ-жауап», «Кәсіподақ қызметкерлерінің этикасы туралы ереже» методикалық кітапшалары үлестірілді.