Нұр-Сұлтанда үшжақты комиссия еңбек мәселелерін талқылады

Елордада Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысында жалақы берешегі және кәсіпорындардағы өндірістік жарақаттану мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, Ахуалдық орталық мониторингіндегі кәсіпорындар басшыларының мәліметтері тыңдалды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе жұмысшылар алдындағы берешегі бар кәсіпорындардың мәселесі қаралды. «СП КазГерСтрой» ЖШС 369 жұмыскерге 129 млн. теңге қарыз болып отыр. «SembolQurulus» ЖШС-нің 7 мердігерлік ұйымның алдында жалпы сомасы 64 млн. теңге берешегі бар. Ал, «Сигнал Security» ЖШС 13 жұмыскерге 678 мың теңге төлеуі тиіс.

Жұмыс берушілердің жауапсыздығынан өндірістік жарақаттану жағдайы жиі орын алып келеді. Әсіресе, жазатайым оқиғалар құрылыс нысандарында болып отыр. Тек қана ағымдағы жылдың мамыр айында «Atlant Build» ЖШС, «Ar-Ai building» ЖШС және «ADM profit» ЖШС-нің құрылыс жұмыстары барысында үш жұмысшы еңбек қауіпсіздігі сақталмағандықтан жазатайым болды.

Айта кетерлігі, жыл басынан бері елордада 26 оқиға тіркеліп, соның ішінде 18-і ауыр жарақат алса, 8 адам мерт болған.