Шымкентте балалар мерекесі атап өтілді

Шымкент қаласында Халықаралық балаларды қорғау күні үлкен сән-салтанатпен аталып өтуде. Айтулы мерекеге орай қаладағы «Кішкентай данышпан» бөбекжай балабақшасында «Бала деген бір бақыт» атты дәстүрлі мерекелік іс-шарасы өтті. Бұл мекеме «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент филиалының құрамына кіретін бастауыш кәсіподақ ұйымы болып табылады.

Дүниеде баладан асыл, сәбидің күлкісінен қымбат қазына жоқ екені сөзсіз. Бүлдіршіндерге ерекше мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында балабақша ұжымы қуантуды таңғы тасымалдаудан бастаған. Олар әрбір баланы көңілді әуенмен, кішігірім сыйлықпен күтіп алып, осылайша кішкентай жүректеріне қуаныш сыйлаған.

Мерекелік концертке ұласқан шарада әр топтың бүлдіршіндері өз өнерлерін ортаға салып, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді. Салтанатты жиында сайқымазақтармен ұйымдастырылған түрлі ойындар ойнатылып, мерекелік шара асфальт бетіне сурет салумен жалғасын тапты.