Кәсіподақ мүшелері Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумның өтуін зор ынтамен қабылдады

Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабы ұйымдастырған брифинг аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Кәсіподақтар федерациясы мен оған мүше ұйымдардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижелері туралы айтты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары атап өткендей, қоғамдық штаб ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген барлық кезеңде алға қойған мақсатына қол жеткізді.

Штаб жұмысы аясында кәсіподақ ұйымдары 1339 іс-шара өткізіп, оның барысында 631 мың адам түсіндіру жұмыстарымен қамтылды.

«Қысқа мерзім ішінде Кәсіподақтар федерациясы біршама ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Референдумнан кейін не болады деген азаматтардың сауалдары көп болды. Бізді, ең алдымен, қарапайым жұмыскерлердің жағдайы мен ұстанымы алаңдатады және біз үшін барлық ұлттық заңнамаларды өзгерту бойынша алдағы жұмыста әлеуметтік-еңбек саласында оң өзгерістер орын алуы маңызды. Біздің қарапайым кәсіподақ мүшелері үшін бұл оңды белгі болар еді. Алдағы уақытта да еңбеккерлердің әл-ауқатын арттыру бағытында нормативтік-құқықтық база кешенін жетілдіру жұмыстарын жалғастырамыз», – деді Нұрлан Өтешев.

Оның айтуынша, еңбек ұжымдарымен кездесу барысында кәсіподақ мүшелері еліміздің Негізгі заңына ұсынылып отырған өзгерістер пакетін зор ынтамен қабылдады.

Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының төрағасы Төлеубек Мұқашев өз сөзінде қазақстандықтарға еліміздің ең маңызды саяси оқиғасына белсене қатысқаны үшін алғысын білдірді.

«Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне – Екінші Республиканың құрылуына аяқ басты. Өткен референдумның тарихи маңыздылығы – жалпы ұлт тағдырына қатысты мәселелердің халықтың талқылауына шығарылып, қазақстандықтардың мемлекет саясатына тікелей қатысуы қамтамасыз етілуінде», – деді Төлеубек Мұқашев.

Өз кезегінде Азаматтық альянс президенті Бану Нұрғазиева референдумның сәтті аяқталуының маңыздылығын атап өтті.

Оның айтуынша, алдағы конституциялық реформа әрбір қазақстандықтың өміріне түбегейлі өзгерістер енгізуге бағытталған.

«Штабтың түсіндіру жұмыстары барысында сайлаушылармен кездесіп, ұсынылған түзетулерді түсіндірдік, әркімнің жүрегіне жол табуға тырыстық. Қазақстандықтардың сайлауға жоғары қатысуы мені қатты қуантты, бұл біздің азаматтардың сайлау мәдениетінің жоғары деңгейін және белсенді азаматтық ұстанымын көрсетеді», – деді Бану Нұрғазиева.

«Жарасым» қазақ республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Джурумбаев өскелең ұрпақтың қоғамдық-саяси үдерістерге араласу деңгейінің артқанын ерекше атап өтті.

«Қазақстан қоғамының жасы өте жас деп айта аламыз. Референдум күні азаматтардың өзіндік санасының жоғары деңгейін көрсетті. Бір қуантарлығы, елімізде болып жатқан барлық жаңғырту үдерістеріне жастардың өте белсенді қатысуы. Референдум аясында жастарымыздың саяси жетілуінен емтихан өтіп, олар бұл емтиханды сайлау учаскелерінде абыроймен тапсырды. Референдум – Жаңа Қазақстан құрылысының бірінші кезеңі. Бұдан кейін өте ауқымды және жақсы үйлестірілген жұмыс болатынына сенімдімін», – деді спикер.

Еске салайық, 5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өтті. Орталық референдум комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша дауыс беруге қатысқан барлық азаматтардың 77,18 пайызы Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдап дауыс берді. Бұл Қазақстанның әрбір өңірінде абсолютті көпшілікті құрады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы