Аймақтың үздік ұстаздары марапатқа ие болды

Жас өрендердің бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты сіңіріп, оларды тұлғалық азамат етіп қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі орасан. Әр шәкіртінің санасына сәуле шашып, егемен еліміздің тұтқасын ұстар білімді, сауатты да салауатты ұрпақ тәрбиелеуге бар күш-жігерін салып жүрген ұлағатты ұстаздарды ұлықтау — Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының дәстүріне айналды.

Салалық кәсіподақ биыл да игі үрдістен айнымай, 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша аймақтың үздік ұстаздарын марапаттады.

«Кəсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» атты мерекелік шара аясында білім беру саласындағы жемісті еңбегі, педагогикалық шеберлігі және жаңартылған білім беру технологияларын дамытудағы шығармашылық жетістіктері үшін 100-ге жуық ұстаз, атап айтқанда пән мұғалімдері мен педагог отбасылар облыстық кәсіподақ ұйымы мен облыстық білім басқармасының бірлескен Алғыс хатымен марапатталды. Марапат иелері жазғы демалыста «Мерке»,«Айша бибі» шипажайларында ем алып, денсаулықтарын нығайтатын болады.

Сондай-ақ, салтанатты жиында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының зейнеткері Людмила Шинкареваның кеудесіне «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» төсбелгісі тағылды. «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне бір топ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, әлеуметтік әріптестер, сала ардагерлері ие болды.