«ҚазТрансГазАймақ» АҚ кәсіподақ ұйымы еңбекақының артуына жәрдемдесті

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында ҚРКФ басшылығының еңбек ұжымдарымен кезедсулері жалғасуда. Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен онлайн форматта кездесті.

Кездесу барысында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұркен Иманалиев атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп берді.

Кәсіподақ ұйымы төрағасының айтуынша, жұмыскерлердің жалақысы 30 пайызға, әкімшілік қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өскен. Мәселен, былтыр 153 мың теңге айлық алатын жұмыскердің жалақысы биыл 196 мың теңгеге жеткен.

Сонымен қатар, кәсіпорында қызмет ететін 74 адамға көрсетілген әлеуметтік-материалдық көмектер туралы айтылды. Қызметкерлердің Қапшағай мен Бурабай сауықтыру аймақтарында қолжетімді бағамен демалып қайтуларына да мүмкіндік жасалған.

Кездесуді қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев аталған бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына ризашылығын білдірді.

«Лайықты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, қарапайым еңбеккерлердің жалақысын көтеру, Еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері – ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» Стратегиясында көрініс табады. Қарапайым жұмыскерлердің барлық өзекті мәселелерінің заңнама аясында шешімін табу үшін жұмыс атқарып жатырмыз, атқара береміз», – деп атап өтті төраға орынбасары.