«Еңбеккер бейнесінде» – бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Лиза Мизаибаева

Мәдениет – біздің қоғамның қозғаушы күші, мемлекеттік дамуымыздың басым бағыттарының бірі. Мәдениет пен өнер ұлтымыздың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы мен парасаты.

Мәдениет саласына риясыз, ұзақ жыл қызмет етіп жүрген жандардың бірі – Мизаибаева Лиза Таутанқызы. Еңбек жолын орталық кітапханадан библиограф болып бастаған ол 35 жыл бойы осы салада жемісті еңбек етіп жүр. Қазіргі таңда Қ.Әбенов атындағы Амангелді аудандық мәдениет үйінің әдістемелік кабинет меңгерушісі. Елуден аса жобалардың авторы. Оның шәкірттері медиа, журналистика, өнер саласында еңбектеніп жүр. Осы жылдардағы тәжірибесін жинақтап, мәдениет және өнер адамдары туралы «Мәдениет – таусылмас байлық, сарқылмас қазына» атты кітап жазып, жарыққа шығарды. Жазған сценарийлер жинағы облыс көлемінде насихатталып, таратылды. Әлеуметтік желіде белсенді. Ақпараттық басылымдарда мақалалары жиі жарияланып тұрады.

Осы жылдардағы еңбегі бағаланып, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», «Еңбек даңқы» төсбелгілерінің иегері атанды. ҚР «Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, облыс, аудан әкімі, облыстық мәдениет басқармасы басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, Қ. Әбенов атындағы аудандық мәдениет үйінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде әлеуметтік әріптестік аясында жұмыс берушімен ұжымдық шарт арқылы қарапайым жұмыскерлердің еңбек құқықтарын сақтауға мейлінше үлес қосып келеді.