Үшжақты комиссия жалақы қарызын төлеу мәселесін қарастырды

Аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында өңірдегі еңбек қатынастарының жағдайы туралы мәселе қаралып, талқыланды.Отырыста кәсіпорындардағы еңбекақы төлеу жүйесі, жалақысы төмен жұмыскерлердің жалақысын арттыру, өндірістегі жазатайым оқиғалар, конкурстық басқарушылардың банкрот және оңалтудағы кәсіпорындардағы берешекті өтеу жөніндегі жұмыстар және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті өтеу туралы Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің, Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бекен Шанаевтың баяндамалары тыңдалды.

​Осы уақытқа дейін аймақтың 500-ден астам кәсіпорыны жұмысшыларының еңбек ақысын көтеруді қамтамасыз еткенімен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС мен «Ембімұнайгаз» АҚ қосалқы мердігер компанияларының жұмысшылары тарапынан еңбекақы даулары басыла қоймаған. Бұл талаптарды орындауға «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» АҚ басшылары әлі де асығар емес.

​Бекен Шанаевтың мәлімдеуінше, күні бүгін 54 мекемеге 129 млрд теңге кредиторлық берешек сомасын құрады. Оның ішінде, салық сомасы 5,3 млрд теңге. Жыл басынан бері 23 борышкер 5,9 млрд теңге кредиторлық берешек сомасымен таратылған.

Үшжақты комиссия отырысында «АМӨЗ» ЖШС-нің, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның мердігер және қосалқы мердігер компанияларындағы әлеуметтік жағдайлар, жұмысшылардың еңбекақысын көтерудің проблемалық мәселелері және оны шешу жолдары туралы «АМӨЗ» ЖШС-нің бас директорының міндетін атқарушы Рахимжан Жанғабылов, «Ембімұнайгаз» АҚ экономика және қаржы мәселесі бойынша басқарма басшысының орынбасары Рысты Тасмағамбетова баяндап, қалыптасқан жағдайға байланысты түсініктер берді.

​Комиссия отырысын қорытқан облыс әкімі Серік Шәпкенов өз тарапынан кәсіпорындардың коммуналды төлемді, айлықты, әлеуметтік төлемдерді кешіктіргендерді қатаң бақылауда ұстайтынын айтты. «Еңбек және әлеуметтік-әріптестік қарым-қатынасты жақсарту біз үшін аса маңызды. Сондықтан жұмысшылар арасында еңбек дауларын болдырмай, оларға мейілінше жақсы жағдай жасауға тиістіміз. Талдау көрсеткендей, көбіне еңбек дауларына жұмыскерлердің айлығы ісіне сай берілмейтіні және қазіргі экономикалық жағдайға сай келмейтіні себеп болуда. Болашақта кәсіпорын басшылары кәсіподақ ұйымдарымен ынтымақтаса жұмыс жасап, дау-дамайдың алдын алуға күш салуы және өзара тепе-теңдік қағидатын ұстануы тиіс», – деп түйіндеді өз ойын өңір басшысы..