Спартакиада өз мәресіне жетті

Қызылорда медициналық жоғары колледжінің спорт алаңында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының ардагерлері Абпазова Дина Абпазқызы және Әлайдар Әбдуаитұлының 80 жылдық мерей тойларына арналған Қызылорда облысының медицина қызметкерлерінің 54-ші спартакиадасының жабылу салтанаты болып өтті.

Салтанатты шараға Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Облыстық денсаулық сақтау саласының ардагерлер кеңесі, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Қызылорда облыстық филиалы, сала ардагерлері мен емдеу ұйымдарының басшылары және спартакиадаға қатысушы командалар қатысты.

Спартакиада ойындары спорттың 8 түрі бойынша, атап айтқанда: шағын футбол,арқан тарту, ұзындыққа секіру, эстафета, стол теннисі, тоғызқұмалақ, баскетбол және волейболдан өтіп, облыстық емдеу ұйымдарынан барлығы – 23 спорттық командасы қатысты.

23 күнге созылған спорттық жарыста дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері білектің күшімен, спорттық шеберліктерінің арқасында бір-бірлеріне қызықты ойын үрдістерін көрсете алды.

Спорттық сайыстың түрлері бойынша «Үздік ойыншыларды» мараппаттау рәсімін жүргізуге Облыстық медицина саласының ардагерлер кеңесінің төрайымы Р.Ә Көзденоваға, денсаулық саласының ардагерлері А.С.Сыздықов пен А.Т.Тоғызбаевқа және «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиал төрағасы А.Аблайханұлына сөз беріліп, жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды.


Сонымен қатар, облыстық салалық кәсіподақ төрағасы А.Аблайханұлы құттықтау сөзінде дәстүрлі спартакиада – денсаулық сақтау саласында тек өз ісінің кәсіби мамандары ғана емес, салауатты өмір салтын берік ұстанатын, спорттық додада жоғары шеберлік ойындарын көрсете алатын спортшылар бар екенін дәлелдей алғанын атап өтіп, 54-ші спартакиадасының «Белсенді қатысушыларын» ақшалай сертификаттармен марапаттады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының ардагерлерінің мерейтойларына арналған спартакиаданың қорытындысында жалпы командалық есеп бойынша 1-дәрежелі орынды «Облыстық психикалық денсаулық орталығы», 2-дәрежелі орынды «Көп бейінді облыстық ауруханасы» иемденсе, 3-дәрежелі орын «Қызылорда медициналық жоғары колледжі» командасының еншісіне бұйырды. Барлық команда мүшелеріне «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының атынан жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар мен дипломдар табысталды.