Шымкентте кәсіподақ мұғалімдерге қолдау жасауда

Шымкент қаласында мектеп оқушыларынан соң ұстаздар қауымы да еңбек демалысына шығып жатыр. Педагогтердің жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруда Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Шымкент қалалық ұйымы қолдау көрсетіп, жеңілдікпен емдеу-сауықтыру орындарына жолдама беріп барынша атсалысуда. Осы бағытта білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы кәсіподақ мүшелеріне шипажайларға жолдама алуға 49 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

Кәсіподақ ұйымына білім қызметкерлері тарпынан жолдама алуға 320 өтініш түсіп, бүгінгі күні педагогтерге шипажайларға жеңілдікпен жолдама үйлестірілуде. Жазғы каникул уақыты енді басталғанына орай, бұл көрсеткіш алдағы уақытта да артпақ.

Өтінім білдірушілердің көбісі жазғы мезгілде тынығып қайтуға «Манкент», «Сары -Ағаш», «Мерке», «Жаңа – Қорған», «Арыс», «Тараз», «Жетісай», «Ontustik Thermal Resort» емдеу-сауықтыру орындарына таңдау жасаған. Себебі, Шымкент қаласына жақын орналасқанына байланысты үлкен сұранысқа ие болып отыр. Еліміздің басқа өңірлерінде орналасқан шипажайларға да жолдама беруге болар еді, дегенімен, жолының алыстығына байланысты демалушылардың қалауы оңтүстік өңірдің демалыс орындарына түсіп отыр.

Емдеу-сауықтыру шараларынан білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін кіші қызметкерлер де тыс қалмады. Шілде, тамыз айларында тағы бір ұстаздар легі шипажайда тынығып, денсаулықтарын нығайтып қайтпақшы. Осылайша, Шымкент педагогтары да жазғы каникулды пайдалы өткізуде.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Шымкент қалалық ұйымының құрамында 20 мыңға жуық кәсіподақ мүшелері мен 126 бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар.