«Ақтөбе мұнай маш комплект» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелері зиянды өндірістегі жұмыскерлердің зейнет жасын төмендетуді ұсынды

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында ҚРКФ төрағасының орынбасары  Нұрлан Өтешев Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы  «Ақтөбе мұнай маш комплект» серіктестігі бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.

Кездесуге Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев пен «Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Мұстафина қатысты.

«Ақтөбе мұнай маш комплект» ЖШС-і мұнай өндіруші кәсіпорындарға қондырғыларды жөндеу, техникалық қызмет көрсету және өнеркәсіп нысаны құрылыстарын жүргізу қызметтерін ұсынады. Сондай-ақ, кәсіпорын өзінің цехтарында қысыммен жұмыс жасайтын  арнайы ыдыстар, қазандар және мұнай ұңғымалары үшін қажет қондырғылар өндіреді. Бұл кәсіпорын ұсынып отырған қызмет түрлерінің саны 30-ға дейін жетіп жығылады. Кәсіпорында 500-ден астам адам еңбек етеді. Олардың 467-і бастауыш ұйым мүшесі.

Кездесу барысында жұмысшылардың өзекті мәселелері ортаға салынды. Соның бірі зиянды өндіріс жұмысшыларының зейнеткерлік жасын төмендету.

«Жұмыс ауқымы үлкен. Сіздерге өтініш біздегі ауыр жұмыс жасайтын еңбеккерлердің зейнет жасын төмендетуге ықпал етсеңіздер. Өйткені,  зиянды өндірістен көбісінің денсаулығы нашарлап, біразы зейнетақы жасына жетпей қалады», –  деп атап өтті бастауыш ұйым мүшесі Азамат Өміржанов.

«Бізде жұмыс берушімен диалог орнатылған. Жуырда бес ай бойына аударылмай тұрған кәсіподақ жарнасы есеп шотқа түсті. Біздегі тағы бір мәселе – жыл сайынғы кезекті еңбек демалысына қосымша сауықтыру жәрдемақысы, яғни бір айлық көлеміндегі жәрдемақының дұрыс төленбеуі», – деді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ермек Байғондин.

«Қазір де біз бастауыш ұйымдармен тығыз байланыстамыз. «Ақтөбе мұнай маш комплект» мекемесіндегі кәсіподақ жарнасын 5 ай бойына аудармай келген есепші маманмен жуырда келіссөз жүргіздік. Ол бастауыш кәсіподақ ұйымына мүше болуға ниет білдіріп отыр. Төраға Ермек Байғондин жас та болса, жауапкершілігі бар, іскер әрі жұмысшылар арасында беделге ие. Біз үнемі байланыста, бірігіп жұмыс жасаудамыз», – деді «Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Мұстафина.

Өз кезегінде Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Н.Өтешев жұмысшылар көтерген өзекті мәселелерді ескеріп, қазіргі таңда Кәсіподақтар федерациясымен бұл мәселелерді шешу мақсатында әрі қарай жұмыстар жалғасатындығын ашып айтты.

«Біз Кәсіподақтар федерациясы осы айтылған мәселелерді шешуге мейлінше атсалысамыз. Зейнеткерлік жасын төмендету – билік пен үкіметтің құзырында. Біз қолдан келгенше ықпал етуге ұмтыламыз, ұсыныстарды жеткіземіз», – деді онлайн кездесуді қорытындылаған ҚРКФ төрағасының орынбасары Н.Өтешев.

Сөз соңында Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев онлайн кездесуге қатысушыларға еңбек адамының құқығын қорғау жолындағы бастамаларына алғысын айтты.