Ұжымдардағы әлеуметтік-еңбек жағдайы бойынша Меморандумдар жасалуда

Қызылордада Әлеуметтік әріптестер еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік-еңбек жағдайын және өндірістік процестерді тұрақтандыру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын және жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Қызылорда облысының әкімдігі, Қызылорда облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және кәсіпорын арасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу және әріптестікті дамыту бағытындағы Меморандумдарға қол қою рәсімінің алғашқысы 14 маусымда «Ақшабұлақ» кен орнында «Қазгермұнай» кәсіпорны еңбек ұжымымен кездесу барысында өтті. Облыс әкімі Н.Нәлібаев бастаған әлеуметтік әріптестер тобының еңбек ұжымымен кездесу барысында өңірдегі мұнай-газ саласындағы өзекті мәселелер, атап айтқанда, өңірде мұнай қорының сарқыла бастауы салдарының салада жұмыс жасайтын 10 мыңға жуық жұмыскерлердің әлеуметтік мәселелеріне әсері туралы сөз өрбіді.

«ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорыны 700-ден аса жұмыскер жұмыс істейтін аймақтағы ірі мұнай шығару секторы компаниясы, компания жұмыскерлерге лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету мен әлеуметтік қолдау көрсету бағытында елеулі жетістіктерге жеткен. Әлеуметтік жауапкершілік танытқан Компания республикалық «Парыз» конкурсының «Ең үздік ұжымдық шарт», «Ең үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациялары бойынша жеңімпаз атанған.

Айта кету керек, өзектендірілген Меморандумдарда жұмыс берушілер қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруына байланысты ақпаратты жұмыстан босату басталғанға дейін кемінде екі ай бұрын әлеуметтік әріптестер назарына жеткізу, қызметкерлердің қысқартылуына жол бермеу мақсатында уақытша жұмыс орындарын құру, сондай-ақ қызметкерлерді қайта оқыту бойынша шаралар қабылдайтындығы туралы келісімге келді. Сонымен қатар, меморандум арқылы кәсіпорын кәсіподақтармен бірлесіп тоқсанына бір рет өндірістік объектілердегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды тексереді және жанжалды жағдайды қалыптастырудың алғышарттарын жою бойынша шаралар қабылдайтындығына уағдаласты.

Әлеуметтік әріптестермен облыстағы жұмыс жасап тұрған 49 ірі және орта кәсіпорындармен Меморандум жасасу жоспарланған.