Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек жағдайлары талқыланды

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев Сыр өңіріне жұмыссапармен келген «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы Светлана Иманқұловамен кездесті.

Кездесу барысында республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек жағдайларын жақсарту, олардың мүдделерін ілгерілету бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар барысынан сөз өрбітті. Сонымен қатар, республикалық салалық кәсіподақ төрағасы сала басшылары мен еңбек ұжымдарындағы кездесулер барысында қозғалған өзекті мәселелер мен оң тәжірибелерді тізбектеді.

Өз кезегінде аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев облыс әкімдігі құрылымдарындағы өзгерістерге сәйкес мәдениет және спорт саласы қызметкерлерінің еңбек жағдайы, өңірде туризмді дамыту, архив қызметкерлерінің жұмыс режимі туралы мәселелерге қатысты өз ой-пікірін білдірді. Сонымен қатар, АКБ төрағасы облыстағы салалық кәсіподақтың көшбасшысы Раушан Үмбетованың кәсіподақ мүшелерінің мүддесі бағытында атқарып жатқан оң жұмысы мен аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесіндегі белсенді ынтымақтастығын атап өтті.