Сыр елі теміржолшыларының еңбек құқықтарын қорғау туралы Меморандум жасалды

Қызылорда облысының әкімдігі, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС – «Батыс» филиалының Қызылорда қосалқы бөлімі және «Қызылорда облысының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Еңбек ұжымындағы әлеуметтік-еңбек жағдайын және өндірістік процестерді тұрақтандыру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын және жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша жасалған Меморандум аясыдағы шаралармен 3 мыңға жуық сырбойылық теміржолшылардың еңбек жағдайлары қамтылады.

Облыс әкімі Н.Нәлібаев еңбек ұжымымен кездесу барысында теміржол ел экономикасын алға сүйреуші негізгі күш екенін атап өтіп, әлеуметтік әріптестермен жасалған Меморандумның негізгі мақсаты жұмыс орындарын қысқартпау, жалақыны кезең-кезеңімен көтеру екендігін айтты.

Жиында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС – «Батыс» филиалы – Қызылорда қосалқы бөлімінің басшысы Батырхан Базарбаев пен Қазақстандық теміржол, автокөлік, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалы төрағасы Бауыржан Ахметов әлеуметтік міндеттемелерді орындау және қызметкерлердің мүдделерін қорғау бағытында атқарылған жұмыстар барысынан ақпаратпен бөлісті.