Шымкенттің медицина қызметкерлері марапатталды

Жаздың жайма шуақ күндерінде аталып өтетін мерекелер аз емес. Соның бірі елімізде маусым айының əр үшінші жексенбісі ерекше еленетін – Бүкіләлемдік медицина қызметкерлерінің күні.

Осы орайда, Шымкентте халықтың саулығы үшін аянбай еңбек еткен жандар мереке қарсаңында еңбектері еленіп, марапат төрінен көрінді.


«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдақ бірлестігінің Шымкент филиалы шаһардағы барлық медицина қызметкерлерін құттықтап, түрлі марапаттар табыстады.

Салтанатты жиында сөз алған «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерқозы Батырбеков денсаулық сақтау саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың жоғары жетістіктерін атап өтті.

«Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Медицина қызметкерлері қоғамда жоғары құрмет пен қошеметке лайықты. Ұлт денсаулығын нығайту жолында мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, әрдайым халықтың қошеметіне бөленіп, талмай, шаршамай еңбек ете беріңіздер. Дегенмен, денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда көмек қолын созуға қашанда дайын тұратын дəрігерлерді əрдайым дəріптеуіміз керек. Дәрігер – әлемдегі ең қасиетті мамандықтардың бірі. Олардың ерең еңбектері шексіз. Осы орайда, денсаулық сақтау жүйесінің барлық мамандары өздерін басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қамқорлық жасағандары үшін алғысымызды және шексіз ризашылығымызды білдіреміз», – деді Ерқозы Батырбеков.

Марапаттау рәсімінде ұзақ жыл денсаулық сақтау саласында адал еңбегі мен кәсіподақ қозғалысының нығаюына қосқан үлесі үшін ақ халатты абзал жандарға мереке қарсаңында кәсіподақ ұйымы тарапынан алғы шепте жүрген өз ісінің шеберлеріне 4 төсбелгі табысталып, қалғандары Құрмет грамоталары мен алғыс хаттармен марапатталды.

«SENIM» кәсіподағының төсбелгісі қызметтегі адал еңбегі үшін Мадина Кенжебаева, Қайрат Калибеков, Нұраш Токбергенов, Алия Молдыбаеваға тапсырылды.

Қуаныш иелері төл мерекелері қарсаңында кәсіподақ тарапынан өздеріне көрсетілген қолдауы үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.