Ірі мұнай компаниясымен Меморандум жасалды

Қызылордада «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы ұжымындағы жұмыскерлердің еңбек құқықтары бойынша Меморандум жасалды. Меморандумы арқылы тараптар кәсіпорындағы әлеуметтік-еңбек жағдайын және өндірістік процесті тұрақтандыру бойынша қабылданатын шараларды бірлесе атқаруға, уағдаластықтар қағидаттарында туындаған проблемаларды шешуде ынтымақтасуға ниет танытты. Бұл ынтымақтастық соңғы уақыттағы аймақтың мұнай өндірісі саласындағы ахуалға қарамастан компанияның 1500 жұмыскерінің еңбек жағдайлары бойынша әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешіп, жұмыс орындарын қысқартпауға шақырады. Қызылорда қаласының А.Тоқмағанбетов Мәдениет үйінде өткен еңбек ұжымымен кездесуде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы мәселеге баса назар аудартты. Жиында компанияның әлеуметтік міндеттемелерін орындау барысын баяндаған «ПетроҚазақстан Құмкөл ресорсиз» АҚ-ның президенті Ян Миньюй мен басқарма төрағасы Чжао Сяомин кәсіпорынның туындаған мәселелердің шешілуіне атсалысуға әрқашан дайын екендігін жеткізді.

Ұжымның кәсіподақ ұйымы төрағасы Бақытжан Мұқашева өндірістегі қызметкерлерді біріктіріп, олардың мүдделерін қорғауда және еңбек қатынастарына байланысты туындаған мәселелерді шешуде кәсіподақ ұйымымен атқарылған жұмыс барысын таныстырды.

Айта кету керек, компаниядағы кәсіподақ ұйымының бастамасымен кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек мүдделерін көздейтін құқықтық акт- Ұжымдық Шартта жұмыскерлердің және олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын қарау және оңалту шаралары, әлеуметтік қосымша төлемдер мен өтемақылар, материалдық жәрдемақылар қамтылып, вахталық жұмыскерлердің өндірістік-тұрмыстық еңбек жағдайын жақсарту мәселелері қарастырылған.