Қызылордада “Yntymaq” кәсіпкерлік жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының қатары көбеюде

Салалық кәсіподақ «Гежуба Шиелі Цемент» компаниясында құрылған жаңа бастауыш ұйыммен толықты. Шиелі ауданында орналасқан өндіріс орынында 270-ден аса адам жұмыс істейді, қазірде жұмыскерлердің барлығы кәсіподақ мүшесі болуға ниет білдірген.

Еңбек ұжымымен салалық кәсіподақтың облыстық филиалы төрағасы Марат Бәйімбетовтың кездесуі барысында ұжымға кәсіподақ жүйесінің негізгі жұмыс қағидаттары, әлеуметтік әріптестермен ынтымақтастығы мен жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек мүдделерін білдірудегі республикалық салалық кәсіподақтың бастамалары туралы ақпарат берілді.

Бұған дейін бірнеше рет аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен облыстық салалық кәсіподақ ұйымының түсіндірме жұмыстары нәтижесінде ұжым бүгін бірауыздан кәсіподақ ұйымын құру туралы хаттама жасап, салалық кәсіподақпен бірлескен жұмыс жоспарларын бекітті.