«Ветеринарлық қызмет» мекемесінің жұмыскерлері жалақыны жоғарылату мәселесін көтерді

21 маусым күні «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының «Ветеринарлық қызмет» ШЖҚ МКК Түлкібас аудандық филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен онлайн кездесу өтті.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, «Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлерінің кәсіподағының» жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаев, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының «Ветеринарлық қызмет» ШЖҚ МКК Түлкібас аудандық филиалының басшысы м.у.а. Берік Есенбеков  және бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.

Кездесуде ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы тәжірибе алмасу және еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Жиын барысында «Ветеринарлық қызмет» Түлкібас аудандық филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымының тыныс-тіршілігі көрсетілген бейнематериал көпшіліктің назарына ұсынылды.

Өз кезегінде сөз алған «Ветеринарлық қызмет» Түлкібас аудандық филиалының басшысы міндетін уақытша атқарушы Берік Есенбеков  бастауыш кәсіподақ ұйымы жайлы қысқаша ақпарат беріп өтті. Ол өз сөзінде кәсіпорын мамандарының негізгі қызметі мен мақсаты халықты адам мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау, ауыл шаруашылығы жануарларын сақтау мақсатында профилактикалық-диагностикалық емдеу шараларын жүргізу және тиісті аумақтарда ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екендігін айтып өтті.

«Бүгінде ұжымда 80 маман жұмыс атқарады және барлығы түгел кәсіподақ мүшелері. Кәсіпорынның үйлесімді жұмысының арқасында ұжымда еңбек даулары орын алмаған, сондай-ақ еңбеккерлердің ауызбіршіліктерін дамыту аясында үнемі түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Сонымен қатар, еңбеккерлердің әлеуметік-экономикалық, құқықтық мүдделерін қорғау толығымен сақталған және жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқама уақтылы өткізіліп тұрады», – деді Берік Есенбеков.

Кезекті сөз «Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлерінің кәсіподағының» жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаевқа берілді. Ол өз кезегінде Кәсіподақтар федерациясына көрсеткен қолдаулары үшін алғысын білдіріп, бүгінгі қозғалған мәселелерді шешуге жан-жақты атсалысатынын жеткізді.

Сонымен қатар, жиында кәсіподақ мүшелері ұзақ уақыттан бері шешімін таппай жүрген мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, кәсіпорында жұмыс жасайтын еңбеккерлердің жалақысын көтеру және кәсіподақ тарапынан сауықтыру орындарына жолдама алу мәселелерінің шешімін табуға жәрдемдесуді сұрады.

Кездесуді қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бастауыш кәсіподақ ұйымының үйлесімді жұмысын атап өтіп, оң бағасын берді.

Сонымен қатар, әлеуметтік әріптестік жылы аясында көтерілген мәселелер Кәсіподақтар федерациясы тарапынан жауапсыз қалмайтынын мәлім етіп, қатысушыларға өз алғысын білдірді.