Қазақстанның ірі жұмыс берушілері маман іздейді

Қазақстанның ірі жұмыс берушілері жастарға арналған алғашқы бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкесіне қатысады. 27-29 маусым күндері Электронды еңбек биржасында қазақстандық компаниялардың HR-менеджерлері өз мекемесін таныстырады. Олардан әр үміткер өзін қызықтырған ақпаратты сұрай алады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 18-35 жас аралығындағы әр Қазақстан азаматы қатысуға құқылы. Ол үшін Enbek.kz порталында тіркеуден өту қажет.

​Тіркелу үшін порталдың басты бетіндегі жәрмеңке баннерін басып, өтінім беру керек. Онда жәрмеңкеге қатысу ережелерімен және бағдарламасымен танысуға болады.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жұмыс берушілер онлайн-таныстырылым өткізіп, өздерінің компаниясы, еңбек жағдайы, бос жұмыс орындары және өзге де ақпарат туралы айтып береді.

Жәрмеңкеде 1300-ден астам бос жұмыс орнын Еуразиялық топқа (ERG) және Республикалық тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының құрамындағы компаниялар, «Каспи Банк» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Ernst & Young Kazakhstan» ЖШС, «Евразия групп Қазақстан» ЖШС, «Magnum Cash & Carry» ЖШС, «Бірінші несие бюросы» ЖШС және басқа да компаниялар ұсынады.

Қатысушылар компаниялардағы бос орындарға  қызығушылық танытқан жағдайда түйіндемесін жібере алады. Сондай-ақ, алдын ала  өтінім бойынша қатысушылардың тізімі жасалады, олар компанияның HR-менеджерімен онлайн сұхбаттаса алады.

Электронды еңбек биржасындағы онлайн-жәрмеңкені ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ бірлесіп ұйымдастырды.

​Жәрмеңке жұмыс іздеушіге жұмыс табуды жеңілдетеді. Ал жұмыс берушілерге бос жұмыс орнына лайықты қызметкер табуға мүмкіндік береді.

​Қазақстандықтарды жәрмеңкеге белсене қатысуға шақырамыз.