Бөбекжайда бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылды

Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Орал қалалық филиалының өкілдері №47 «Бәйтерек» бөбекжайында болып, осында жаңадан ашылған бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен  кездесті.

Кездесу барысында Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Орал қалалық филиалының төрағасы Төлеген Темешев еңбек заңдылықтары, ұжымдық шарттың жасалу шарттары, 2021–2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы облыстық келісім, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерінің қорғалуы және кәсіподақ мүшелеріне көрсетілетін жеңілдіктер мен қайырымдылық көмек түрлері туралы  түсіндірме жүргізді.

Филиал маманы Айнұр Таутенова ұжымдағы жеке еңбек дауларының Келісу комиссиясы арқылы реттелуі мен еңбек қауіпсіздігін сақтау үшін өндірістік кеңестің құрылуы туралы ережелерді түсіндіріп, жаңадан құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымына жан-жақты мәлімет берді.

Өз кезегінде бөбекжай меңгерушісі Тойындық Мұкатова қалалық кәсіподақ өкілдеріне алғысын білдіріп, ашылған бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметкерлерге үлкен қолдау боларына сенім білдірді. Ұжымда 84 қызметкер жұмыс жасайды.