Атырауда үздік балықшылар марапатталды

Атырауда жылдағы дәстүр бойынша Балықшылар күні салтанатпен аталып өтілді. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен мерекелік шараға сала үздіктері мен ардагерлері шақырылды.

Жиналған көпшілік алдында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев сөз сөйлеп, аймақ басшысы атынан құттықтау лебізін жеткізді. Атырау өңірінде қазіргі кезде балық аулау және оны өңдеу кәсібімен 19 табиғат пайдаланушы кәсіпорын айналысады. Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, аталған сала бойынша биылғы жылы 614 адам тұрақты және 3200 адам маусымдық жұмыстарға орналастырыпты. Жыл басынан бері салалық басқарма арқылы жануарлар дүниесін пайдалану жөнінде 2260-қа жуық рұқсат қағазы рәсімделген.

Осы жылдың көктемгі маусымында 11,3 мың тонна балық ауланғандығын жеткізген әкімнің орынбасары кәсіби мереке иелері – балықшыларды атаулы күнмен шын жүректен құттықтады.

Мерекелік шарада әдеттегіше үздіктер де ұлықталды Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрілігінің «Балық шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкер» Құрметті атағы «Атырау бекіре балық өсіру зауытының» шебері Сырым Ізғалиевке, «Балық шаруашылығы саласындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі Үрстем Ғаппазовқа, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасы «Ақжайық мемлекеттік табиғи резерваты» мекемесінің инженер-экологі Балымгүл Ізмұхановаға табыс етілді. Сондай-ақ, бір топ маманға облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және облыстық балық шаруашылығы басқармасының Алғыс хаттары табысталды.
Салтанатты жиынға қатысушылар соңынан мерекелік концертті тамашалады.