Энергетиктер еңбекақы мәселесін талқылады

Павлодарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі  Дүйсенбай Тұрғановтың басшылығымен «AMANAT» партиясы жанындағы Энергетика комитетінің бірінші отырысы өтті.

Отырыс барысында түрлі министрліктердің өкілдері, жетекші қазақстандық энергетикалық корпорациялар басқармаларының төрағалары энергетика саласынан білікті кадрлардың кету проблемасы және жалақы төлеу көрсеткіші туралы айтты.

Энергетика саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселелері «AMANAT» партиясы жанындағы Энергетика комитетінің отырысында жан-жақты қаралды.

Осы кездесуге дейін комитет төрағасы Д.Тұрғановтың «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ қызметкерлерімен кездесуі кезінде Б.Төлеубаев комитет құрамына «Қазақстандық салалық энергетиктер кәсіподағы» ҚБ төрағасы Оразбек Телібайұлы Бекбасты енгізу туралы ұсыныс енгізген болатын.

Отырыста комитет қатысушылары бұл мәселе бойынша бірауыздан шешім қабылдады.

«ҚР қолданыстағы Еңбек кодексі бас, салалық және өңірлік келісімнің құқықтық тетігі арқылы, сондай-ақ Ұжымдық шарт арқылы әлеуметтік әріптестік шеңберінде қосымша әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер белгілеуді көздейді. Алайда, табиғи монополия субъектілері Әлеуметтік әріптестіктің бұл құралынан айырылған, оларға пайда шегінде қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер белгілеуге тыйым салынады. Бұл құралдың болмауы қызметкерлерді әлеуметтік қорғауға бағытталған Еңбек кодексінің нормаларын іске асыруға кедергі болып табылады. Бұл мәселені жергілікті кәсіподақ 2017 жылдан бастап әр түрлі деңгейде көтеріп келеді. Монополияға қарсы заңнамаға: Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы №90 бұйрығымен бекітілген «Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына» және «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №204-VI Заңына өзгерістер енгізу қажет», – деп атап өтті Б.Төлеубаев.