Күн тәртібінде – еңбек дауларын келісу комиссиясында шешу жолдары

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, жұмыс берушінің келісу комиссиясын құру туралы міндеті қарастырылған.

Осыған орай, Атырау қаласындағы «Batys Petroleum» ЖШС тапсырысы бойынша «Komek EDUCATION» (Комек Эдьюкейшн) ЖШС тарапынан келісу комиссиясының мүшелеріне арналған « Еңбек даулары. Жеке еңбек дауларының келісу комиссияларының тарапынан қаралуы» тақырыбында 2 күндік семинар өтті.


Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының тарапынан ағымдағы жылдың әлеуметтік әріптестік жылы деп жариялануына байланысты аталған іс-шараға Қарағанды облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы Татуласу орталығының басшысы Света Шардарбекова лектор ретінде қатысты.

Атырау қаласында болған 2 күн ішінде «Batys Petroleum» ЖШС тыныс-тіршілігімен, ұжымның басшылығымен танысуға толық мүмкіндік болды.

Іс-шара барысында еңбек қатынастары барысында туындайтын сұрақтар мен еңбек даулары және оларды шешуге қатысты мысалдар келтіріліп, талдау жасалды. «Batys Petroleum» ЖШС басшылығы мен келісу комиссиясының мүшелері тарапынан іс-шараның өткізілуіне жоғары баға берілді.

Семинарға қатысушылар еңбек жанжалдары мен әлеуметтік-еңбек қатынастарының алдын алу мақсатында әлеуметтік әріптестік өкілдерін оқытудың маңыздылығына тоқтала отырып, ұйымдастырушылар мен лекторға алғыс білдірді.