Кәсіподақ мүшелері шахматтан турнирге қатысты

Шымкентте «Бүкіл әлемдік шахматшылар күні» қарсаңында BI Group компаниясының ұйымдастыруымен Асанбай Асқаров атындағы шахматтан қалалық BI CHESS рейтингілік турнирі өтті. Турнирге қала аумағындағы мекемелердегі кәсіподақ мүшелері мен кәсіподақ ардагерлері де қатысты.


Жалпы қатысушылар қатарында 2-ші санаттан жоғары шеберлер мен арнайы іріктеу турынан өткен әуесқойлар, оның ішінде ардагерлер тобында 44 адам, ал жастар тобында 88 адам болды. Турнир барысында жеңімпаздар FIDE ережесіне сай анықталды. Ардагерлер арасында жүлделі орындарды Сапаров Әмірбек, Нысанов Алдияр, Жолдасов Әбубәкір иеленді. Жастар арасында 3-ші орынды Сұлтанбек Зейнеп, 2-ші орынды Жұмабек Нұрасыл, 1-ші орынды Әбілқайыр Әбілмансұр иеленді.

Турнирдің ең жас және ең жасы үлкен қатысушылары Балтабек Даянаға және Ли Олег Сергеевичке арнайы дипломдар табысталды. Сонымен қатар, турнирде төрелік еткен төрешілер де арнайы алғысхаттармен марапатталды.

Іс-шараға қатысқан «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Рүстем Ашетаев жеңімпаздарды марапаттап, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.