Салалық кәсіподақ төрағасы құрмет-қошеметке бөленді

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы  Бауыржан Әлтеев кәсіподақ активімен бірге «Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қалалық филиалының төрағасы Абдурайра Манаховты жеті асудың бел ортасы 75 жасқа толу мерейтойымен құттықтады.


Салтанатты шара барысында Әлтеев Бауыржан мерейтой иесін туған күнімен құттықтап, ел ағасына құрмет көрсетіп, құттықтау хатын тапсырды.

Жиында тұғыры биік тұлғаның өмір жолы мен өз қызметін абыроймен атқарған еңбек жолдарына тоқталып, Абдурайра Манаховтың 50 жылдан астам уақытын Сарыағаш, Мақтарал аудандарында және Шымкент қаласында өндіріс салаларын басқарып, өңірдің экономикасын көтеруде және халықтың тұрмыс жағдайын жоғарылатуда көп еңбегі сіңген тәжірибесі мен адамгершілігі мол, жұмысына ұқыпты, іскер, талапшыл, көпшіл, елдің сый құрметіне бөленген, ел дамуына мол үлес қосып келе жатқан абзал азамат екендігі жайлы айтылды. Сондай-ақ, зейнеткерлікке шықса да еңбектен қол үзбей бүгінде кәсіподақ қозғалысына зор үлес қосып келеді. Мұнан бөлек, жиынға қатысушылар да өз тараптарынан көптеген құттықтау сөздер айтып, мықты денсаулық, отбасына амандық және ұзақ өмір тілеп, мерейтой иесін құттықтап жылы лебіздерін жеткізіп жатты.

Жиын соңында Абдурайра Манахов құттықтауларға алғысын білдіріп, ақ батасын беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.