Адам өмірі – бәрінен қымбат

Аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында өңірдегі еңбек қатынастарының жағдайы, әсіресе, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау туралы мәселе қаралып, талқыланды.

Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Думан Әбеуовтың баяндауынша, биылғы жылдың өткен алты айында облыста өндіріспен байланысты 20 жазатайым оқиға орын алған. Бұлардан 18 қызметкер ауыр жарақатқа ұшырап, 4 адам қайтыс болған. Қазір аталған фактілер бойынша құқық қорғау органдары тарапынан арнайы тергеу амалдары жүргізілуде.

Бақытсыздың жағдайлардың 35 проценті құрылыс саласына тиесілі. Жазатайым оқиғалардың басты себебі – өндірісті жұмысты ұйымдастырудағы шалағайлықтар, ақаулы техника, жабдықтармен жұмыс жасау, тапсырыс берушілер мен жұмыс берушілер тарапынан еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау ережелерін өрескелі бұзуынан болып отыр.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов осы мәселеге орай «Теңізшевройл» ЖШС өкілдеріне қосалқы мердігер компанияларымен жұмыс жүргізу барысында қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігінің, өндірістік жарақат алмауының, ішкі бақылауды осалсытпаудың, тиісті мамандардың жауапкершілігін арттырудың шараларын алуды міндеттеді. Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ екендігін қатысушылар қаперіне берді.

Үшжақты комиссияда «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен құрылыс саласындағы еңбек заңнамасында, келісімдер мен ұжымдық шарттарда белгіленген талаптардың сақталуы» туралы баяндаған «Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Еділ Ұзақбайдың айтуынша, облыс бойынша кәсіподағы бар құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласының 6 кәсіпорнында 3,8 мыңдай кәсіподақ мүшесі еңбек етеді. Дегенмен, көптеген құрылыс компанияларында салалық келісіммен қарастырылған кейбір талаптар ішінара орындалмауда.

Мысалы, жұмысшылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде жұмыс беруші өзінің қаржылық жағдайына қарап еңбекақы мөлшерін көтеру, осы саладағы еңбекақының ең төменгі мөлшері 3,55 кем емес мөлшерінде төлеу (213 мың теңге), қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, еңбек қорғауды басқару жүйесін енгізу, жұмысшылардың білімін тексеру, жетілдіру, арнай киіммен қамтамасыз ету сияқты мәселелер қаладағы көпқабатты үйлер құрылысында және мемлекеттік тапсырыс құрылысында сақталмайтындығы анықталды. Сонымен қатар, қала құрылысында еңбек етіп жатқан жұмысшылардың еңбек шарттары рәсімделмеген, еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқаулардан өткізілмейді, айлық ақы мөлшері ауызша келісіледі, жартысы қолма-қол, жартылай банк карточкасы арқылы төленеді, жұмыскер ауырған жағдайда өтемақы төленбейді. Ең сорақысы, құрылысшылардың зейнетақы жарналары мен әлеуметтік, медициналық төлемдері толық көлемінде аударылмайды, еңбек демалыстары да берілмейтін болып шықты.

Еңбек инспекциясының мәліметі бойынша, былтыр облыста 45 жазатайым оқиға тіркелсе, оның 16-сы құрылыс және ТҮКШ кәсіпорындарына тиесілі, 17 жұмысшы ауыр жарақат алған.

Баяндамашы «Ембімұнайгаз», «ТШО», «НКОК» сияқты тапсырыс берушілер өздерінің мердігер құрылыс компанияларында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау шаралар кешенін тексеруді ұйымдастыру, бақылау жұмыстарын күшейтуді, құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы сынды мемлекеттік органдар мердігер компанияларда еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына шаралар қабылдауды және кәсіпорындарда тараптардың қатысуымен бірлескен түсіндіру шараларын жүргізуді ұсынды. Бұл ұсыныстарды аймақ басшысы да мақұлдап, комиссия отырысы хаттамасына енгізуді және тиісті мемлекеттік органдарға орындалуын бақылауды тапсырды.