«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында пошташылар өз мәселелерімен бөлісті

«Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин және заңгері Азамат Менсейітов «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Қазпошта» акционерлік қоғамының «Астаналық почтамт» мекемесінің кәсіподақ мүшелерімен кездесу өткізді.

Ең алдымен, Қ.Сұлтаналин Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдары әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейінде қызметкерлердің мүдделерін ілгерілетуге ерекше назар аударатынын жеткізді. Еңбек ұжымдарына барып, қызметкерлердің нақты жағдайымен танысу, кәсіподақ мүшелерінің өзекті мәселелерін талқылау және оның шешу жолдарын қарастыруда осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде А.Менсейітов жұмыскерлерге құқықтық көмек көрсету мақсатында ҚР Кәсіподақтар федерациясы жанындағы Заң клиникасы мен Татуласу орталығының құрылғанын айтып, кәсіподақ мүшелеріне тегін қызмет көрсетілетінін жеткізді.

Қазірде Астаналық почтамтта еңбекпен қамтылған 596 адам бар. Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап өндірістік персоналдың жалақылары өсті. Пошта қызметкерлерінің лауазымдық жалақы деңгейіне байланысты 60-90 мың теңге алатындарға – 25%, 91-120 мың теңгеге – 20%, 121-180 мың теңгеге – 15%, 181-220 мың теңгеге – 10%, 221-250 мың теңгеге – 7% индексация жүргізілген.

Кездесу барысында пошта қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Соның ішінде, әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету туралы, мемлекеттік тұрғын үй алуға жеңілдік қарастыру және т.б. мәселелерді қозғады.

Кездесу соңында Қ.Сұлтаналин көтерілген мәселелердің өзектілігін атап өтіп, кәсіподақтар әлеуметтік әріптестермен оларды шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Еңбек ұжымымен кездесуді ұйымдастыруға атсалысқан «Қазпошта» АҚ «Астаналық почтамт» директоры Бахытжан Маликоваға, кәсіподақ ұйымының төрайымы Алма Мусинаға және барлық қатысушыларға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді.