Медиация күніне орай Қарағанды облысында салтанатты кездесу ұйымдастырылды

Достық үйінің алаңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы заң клиникасының Қарағанды филиалының Татуласу орталығы Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен бірлесіп медиация күніне арналған салтанатты іс-шара өткізді.

Оған Қарағанды облыстық сотының судьялары, “Zolotaya seredina-SM” ҚБ кәсіби медиаторлары мен психологтары, Татуласу орталығымен тығыз байланыстағы қоғамдық медиаторлар қатысты.

Мерекелік іс-шарада Қарағанды облыстық сотының татуластыру рәсімдерінің үйлестіруші-судьясы Елена Книтель, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Елик Мухамедин, Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары Татьяна Шатохина, Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Динара Мутубаева құттықтау сөз сөйледі.

Қарағанды облысы кәсіподақтар Орталығы төрағасының орынбасары Татьяна Шатохина өз сөзінде Татуласу орталығының оң тәжірибесін, Қарағанды облыстық сотының татуластыру рәсімдері үйлестірушілерімен өзара ынтымақтастықтың нәтижелеріне тоқталып, кәсіби медиаторларды алдағы кәсіби мерекелері – Медиация күнімен құттықтады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы заң клиникасының Қарағанды облысы филиалының Татуласу орталығының басшысы Света Шардарбекова Татуласу орталығының татуласу рәсімдерін жүргізу жөніндегі жұмысы мен оң нәтижелері туралы баяндады.

“Zolotaya seredina-SM” ҚБ медиация орталығы жұмысының үйлестірушісі, философия докторы Майгүл Балғожина қылмыстық істер бойынша медиативтік келісімдер жасаудың кейбір мәселелері жайын тілге тиек етті.

Кәсіби мерекеге орай бірқатар кәсіби медиаторлар Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды. Медиация институтын дамытуға, татуластыру рәсімдерін белсенді әрі табысты жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін Қарағанды облысының кәсіподақ Орталығы төрағасының орынбасары Татьяна Шатохина мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының заң клиникасы филиалының Татуласу Орталығының басшысы Света Шардарбекова Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Қарағанды облыстық филиалының Алғыс хаттарымен және Құрмет грамотасымен марапатталды.