“Еңбек адамы” бейнесінде – дәрігер Перизат Тимабайқызы

Мамандыққа деген адалдық тек өз ісін шынайы сүйетін жандардың бойында болатыны хақ. Жауапкершілік, таза ниет, еңбекқорлық — осыншама бағалы қасиеттерді өз бойына жинаған бүгінгі кейіпкеріміз — Әмірова Перизат Тимабайқызы.

Бүгінде Перизат Тимабайқызы «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент филиалының құрамына кіретін қалалық перзентханада бас дәрігердің емдеу-алдын алу жұмысы жөніндегі орынбасары болып қызмет атқаруда.

Перизат Тимабайқызы – 1979 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1996 жылы Шымкент мемлекеттік медицина институтына түсіп, 2002 жылы «Емдеу ісі» мамандығын бітірген. Әрмен қарай, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясына оқуға түсіп, 2003 жылдың маусымында «Акушерия және гинекология» мамандығы бойынша интернатураны тәмәмдаған. Сол жылдары Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ – түрік университетінің оқу – клиникалық базасында «Трансляциялық ғылым және дербестендірілген медицина» тақырыбы бойынша біліктілігін арттырған. 2016 жылы «Санат» республикалық кәсіби дамыту орталығы филиалында «Қоғамдық денсаулық сақтау, әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру» медициналық мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтті. 2018 жылы «Акушерлік және гинекологиядағы Ультрадыбыстық диагностика» циклі бойынша «Сәулелік диагностика» мамандығы бойынша жоғары санаттағы өңірлік кәсіби даму орталығында тәжірибе жинақтаған. Бүгінде «Акушерия және гинекология» мамандығы бойынша жоғары санатты дәрежесі бар.

Перизат Тимабайқызы қалалық перзентханада 2017 жылдың ақпан айынан бері жұмыс істеп келеді. Бас дәрігердің емдеу-алдын алу жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымын атқара отырып, денсаулық сақтау ұйымының өзіне бағынысты құрылымдық бөлімшелерінің қызметіне басшылықты қамтамасыз етеді, бүгінде перзентхана жұмысын тиімді және жоғары деңгейде ұйымдастырып отыр. Жұмыс барысында өзін сауатты және жоғары білікті маман ретінде көрсетіп, қызметтік міндеттерін орындауда жауапкершілікпен және адал қарайды, кез-келген жұмысты тиімді және сауатты ұйымдастырады.