Заң клиникасында кезекті қабылдау өткізілді

Бүгінде «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Заң клиникасында» кәсіподақ мүшелеріне еңбек, әлеуметтік және кәсіподақ заңнамасы мәселелері бойынша, сондай-ақ азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарының бұзылуына қатысты әкімшілік және қылмыстық заңнама бойынша тегін құқықтық көмек тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.

Осы ретте, өз аты-жөнін жарияламауды сұраған Ж. есімді азамат Заң аясында құқықтық кеңес алу үшін жүгінді. Оның айтуынша, құрылыс компаниясында жұмыс атқару барысында орын алған жазатайым оқиға салдарынан жарақаттанып, алайда бүгінгі күнге дейін жұмыс беруші компания тарапынан өндірістік жарақатқа төленуге тиісті өтемақы төленбегендігін айтып өз уәжін білдірді.

Өз кезегінде «ЕуроАзиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Лаура Ақшегірова істің мән-жайын тыңдап, ұсынылған құжаттармен танысты. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының талаптарын түсіндіріп, құқықтық кеңес берді.