Кәсіподақ мүшелері шағын футболдан бақ сынасты

Шымшаһарда «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің қолдауымен «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» РҚБ Шымкент қаласы бойынша филиалының құрамындағы «Shymkent Bus» ЖШС қызметкерлері арасында шағын футболдан турнир өтті. Спорттық шараға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, әлеуметтік әріптес – «Shymkent Bus» ЖШС басшылығы, кәсіподақ қозғалысының өкілдері мен бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.

Аталмыш жарыстың басты мақсаты – қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын дәріптеу.

Спорттық додаға барлығы 11 команда, 100-ге жуық қызметкер қатысты. Көлік қызметкерлері арасындағы бірлікті, командалық қолдауды нығайтуды алға тартқан бұл спорттық кездесу өте тартысты өтті.

Сын сағатта жақсы ойын өрнегін көрсеткен шаһардың №34-ші бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушілері құрама командасы І орынды жеңіп алып, 100 мың теңге көлеміндегі сыйақыны мен арнайы кубокты қанжығасына байлады. Ал ІІ орынды – №61 бағыттың жүргізушілерінен құралған командасы иеленіп, 70 мың теңге алса, ІІІ орынға – №15 бағыттың құрама командасы жайғасып, 50 мың теңгені құрайтын қаржылай сыйлыққа ие болып, жарыстың қола жүлдегерлері атанды.

Сондай-ақ, жарыс шеңберінде үздік қорғаушы, үздік ойыншы бойынша үздіктер анықталды. «Үздік қорғаушы» номинациясына Жанибек Дүйсенов лайық деп танылса, «Үздік ойыншы» аталымы бойынша Еркебұлан Сейсенбек марапатталды.

Жарыс соңында жеңімпаз командалар мен жүлдегерлер жарыс кубогымен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.