«Өзенмұнайгаз» АҚ кәсіподақ мүшелерінің соңғы легі қатысқан семинар өз мәресіне жетті

Бүгін Шымкент қаласында «Өзенмұнайгаз» АҚ-ң кәсіподақ мүшелерінің соңғы легіне арналған еңбек қатынастарындағы біліктілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған семинар-тренинг аяқталды.

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев пен «Өзенмұнайгаз» АҚ-ң кәсіподақ активінің қатысуымен өткен семинар жұмысында ҚР КФ Ұйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова мен ҚР Кәсіподақтар Федерациясының лекторлар пулының мүшесі Майра Боранбаева кәсіподақ қозғалысындағы еңбек қатынастары туралы баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті. Оқыту барысында еңбек қатынастарында еңбек заңнамасын дұрыс қолдана білу, әлеуметтік әріптестік қатынас, ұжымдық шарттың маңыздылығы, Келісім комиссиясының жұмысын ұйымдастыру, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жұмысы, еңбек нормаларының сақталуын бақылау жайлы баяндама жасалды.

Жиында аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев аталмыш семинар кәсіподақ заңнамаларына қатысты білім негізін нығайтуға зор мүмкіндік беретініне тоқталып, семинар жұмысын қорытындылап, қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етті. Ал тыңдаушылар ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдіріп, алғыстарын айтты.